Сезімдер сөйлейді

«Үн» – қазақ прозасы арқылы эмоционалды еркіндікке жетелеуге бағытталған бастама. Оның негізін қалаушылар Зылиха Бауыржанқызы мен Ұлжан Киікбай. Жобаның діттегені — отандық жазушылардың шығармаларынан шабыт алып, әркім өз сезімдері мен ойларын білдіре алатын кеңістік құру.
Жобамен кеңірек танысу үшін Ұлжан Киікбаймен сұқбат құрдық. Алдымен «Үн» қандай жоба?
– «Үн» — адамдарды эмоциялы түрде еркін болуға шақыратын жоба. «Үн» — өзінің бастауын, негізін прозадан оның ішінде қазақ прозасынан алған жоба. «Үн»— келіп жайдан-жай проза оқу емес, ол жерде күрделі мәселелер төңірегінде топтастырылған күрделі ой бар, сезім бар, махаббат бар. Бұл жерде ескі әндер шырқалып, келген қонаққа ашық микрофон беріліп, тек сөйлеуші ғана емес, тыңдаушының да ойын анық, қазақша жеткізуіне мүмкіндік беру. Бәлкім, жалғыздығын желеу етіп жүргендердің жанына жамау боламыз ба деген тілек.
– Жобаның идеясы түсінікті. Бұл ой қалай пайда болды? Не әсер етті?
– Негізі идея авторы — Зылиха Бауыржанқызы. Қазір жоба бойынша жұмыс істеп жатқан да екеуміз. Біз жазушылардың кітабының тұсаукесерлеріне, поэзия кештеріне жиі барамыз. Сондай бір кештерден кейін прозаны да дәл поэзиядай тыңдата алсақ, кітаптар тұсауы кесілген жерде қалмаса деген арманымыз болушы еді. Бір күні шай үстінде Зылиха өз идеясымен бөлісті, содан мен де қолдай кеттім. Солай кесіп, піше келе «Үн» деп ат қойдық. Осы кезге дейін үш кеш, екі манга жасап шығардық.
– «Үннің» мақсаты қандай? Өзегінде діттегені бар ма?
– Іштегі шер уақыт өте келе күрделі ауруларға шалдықтырады. Біз жиі еститін қатерлі ісік, асқазан жарасы деген сынды аурулар дәл осы шердің шықпай қалуынан туындап отыр. Қазір біз тыңдаудан қалған секілдіміз, тыңдасақ та ол адамның жанына үңілмейтін секілдіміз. Ал дәл осы «Үн» адамдарға эмоциялы тұрғыда еркіндік сыйласа, бүгіп жатқан сырдың бәрін адамдар сыртқа шығара алатын болса, деген ниетіміз бар. Одан бөлек бізде жазушы деген халық барын олардың проза жазатынын және жазу арқылы көп дүниені айтып жүргенін көрсету, айту, жеткізу.
– Елдің ертеңі үшін деп елең етулеріңіз орынды. Десе де бастама қоғамға қалай әсер етпек?
– Әрине, сеңдей соғып бүкіл қоғамға әсер етіп кетеді деу өтірік. Біздікі сол тым болмаса өз айналамыздағы азғана замандасқа әсер ете алсақ деген тілек қана.
– Өзге жобадан бұл жобаның ерекшелігі неде?
– Басында айтқанымдай жобаның өзегі проза, екінші ерекшелік біздегі ашық микрофон деп аталатын бөлім, яғни, келген адам өз ойын, пікірін ашық түрде айта алады. Үшінші, бізде тек қазақша ескі, есті әндер жиі шырқалады. Кеш сайын келген жандарға кішкентай болсын сыйлық беруге тырысамыз. Одан кейін біз кеш тақырыбына қатысты қазақ әдебиетіндегі бар шығармаларды манга дейтін жанрға қалыптап, жасап көруге тырысамыз. Біздің ойымызша, манга — қазақ әдебиетіне керек жанр.
– Бүгінге дейін жобаның өткерген қиындықтары мен жеткен жетістіктері туралы айтып берсеңіз?
– Осы кезге дейін үш кеш, екі манга жасадық. Ең бірінші кеш «Үн» деген атпен жекелеген эмоцияларға бағытталса, одан кейінгі кеш «Мизамкөк» деп аталып, әйелдер тақырыбына арналды. Үшінші кеште бала махаббат, балалық шақ тақырыбын қозғадық, бұл кеш «Құланиек» деп аталды. Байқағаныңыздай, біз атауларды да қоярда біраз ізденіп, тақырыпты дөп ашатын және қолданыстан шығып кеткен сөздерді алуға тырысамыз. Ең бірінші мангамыз Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күніне» арналып салынды. Одан кейін «Құланиек»кешінде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» дейтін шығармасына арнап салынған манганың тұсауын кескен едік. Осы кезге дейін «Егемен Қазақстан» газетіне «Әдебиет порталына» сұхбат беріп үлгердік. Қиыншылықтар: кешті өткізетін орындарға байланысты жиі болып тұрады және мангада суреттер салу кезінде де бір екі өзінің қиындықтары бар. Тәжірибе жинап, алдағы уақытта бұл қиыншылықтарды еңсеретінімізге кәміл сенімдіміз.
– Жасап жатқан жұмыстарыңыз қажырлы еңбек пен сарқылмас күш қажет етеді. Сонымен қатар әр шыққан мангаға қаржы керек. Осы тұста бұл жобаны кім қаржыландырады?
–Жобаны ешкім қаржыландырмайды. Өткізетін кештерге билеттерді белгілі бір суммада сатамыз, сол арқылы кеш өтетін жердің ақысын төлейміз, манганы шығарамыз. Өзін-өзі жаппай қалатын да кездер болады…
– Өміршең жоба болу үшін қандай әрекет істейсіздер?
– Әзірге біз бір маусымды жаптық, алдағы күзде қайта жандансақ дейміз. Оған дейін манга жанрына біраз тәжірибе жинап, жаңашыл оймен келгіміз келеді. Тақырыптарды түрлендіріп, ұсынысқа қарай әрекет етеміз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Бүгінде қоғам үшін жаны ашып, елінің мәдениетіне, әдебиетіне алаңдайтындар баршылық. Соның ішінде «Үн» жобасы проза арқылы шынайы эмоция мен терең ойлардың арасын байланыстырар көпір іспеттес. «Үн» адамның ішкі дауысы. «Үн» әдебиет жаршысы. «Үн» өнер сүйер орта.