БАҚ және құқықтық мәдениет: Конституцияның 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

Патриот жаршысы
79

20 тамыз күні Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және БАҚ дамуы» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиында қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың конституциялық білімін кеңейту және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді диалог орнатудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі кеңінен талқыланды.

ҚР Парламент Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай БАҚ-тың атқаратын миссиясына ерекше тоқталып:
«Алдымыздағы ең үлкен міндет – құқықтық мәдениеті жоғары, өз құқығын білетін және оны қорғай алатын қоғам қалыптастыру. Бұл жолда мемлекет пен азаматтық қоғам, соның ішінде БАҚ ортақ жауапкершілікті бөліседі», – деді.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Халықаралық заңгерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Марат Башимов та БАҚ-тың демократиялық құндылықтарды нығайтудағы маңызын атап өтті:
«Конституциялық реформа – тек заңдағы өзгерістер емес, ол – қоғамдағы сенім мен әділдікті орнықтыратын үлкен қадам. Бұл үдерісте ақпарат құралдары басты түсіндіруші күшке айналады», – деді ол.

Республикалық заң консультанттары палатасының төрағасы Серік Ақылбай халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, реформалардың мәнін қарапайым халыққа жеткізуде БАҚ-тың мүмкіндігі зор.

Ал «Алатау ақпарат» медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған оқыту курстарының қажеттігін айтты.

Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар өкілдері, ақпарат құралдарының жетекшілері, журналистер мен медиаменеджерлер қатысты. Сондай-ақ өңірлердегі бас редакторлар онлайн форматта қосылды.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде құқықтық мәдениет мектептен бастап қалыптасады. Германия, Канада, Жапония сияқты елдерде азаматтарға құқықтық қолдау көрсететін түрлі ақпараттық ресурстар, онлайн сервистер жолға қойылған. Сол тәжірибені Қазақстанда да енгізу маңызды екендігі айтылды.

Іс-шара «Бас редакторлар клубы» мен ҚР Конституциялық Соты арасындағы меморандум аясында өтті. Жиын қорытындысында қатысушылар БАҚ-тың демократиялық процестерді нығайтудағы миссиясын жалғастырып, журналистердің құқықтық медиа сауаттылығын көтеруге бағытталған оқу бағдарламаларын бірлесе іске асыруға уағдаласты.

Редакция
Patriot Portaly