«Үздік актер» жүлдесі - Бақыт Қажыбаев

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің халықаралық кинофестивалінде қазақстандық актер Бақыт Қажыбаев «Үздік актер» аталымын жеңіп алды.
Бұл марапат оған «Набат операциясы» фильміндегі басты рөлі үшін берілді. 6 шілдеде өткен байқаудың салтанатты жабылу рәсімінде фестивальдің басты марапаттары иелерін тапты. ШЫҰ құрамындағы мемлекеттер киноөндірісінің үздік туындылары «Алтын камелия» байқау бағдарламасына ұсынылды.
Актер Бақыт Қажыбаев бұл жеңісті бүкіл шығармашылық топтың ортақ жетістігі деп атап өтті. Оның сөзінше, фильм – 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы арнайы операция адам шығынынсыз аяқталған.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.
Фестивальге ұсынылған екінші қазақстандық туынды – режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмі. Бұған дейін бұл драма 15-тен астам халықаралық марапатқа ие болып, Oldenburg кинофестивалінде Spirit of Cinema Award жүлдесін еншілеген.
Биыл қазақ киносы ШЫҰ фестивалінің фокус-секциясына таңдалып, «Ағайындылар» фильмі арнайы бағдарламада көрсетілді. Байқау фильмдерін тоғыз мүшеден тұратын халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль аясында кинонарық ұйымдастырылып, Қазақстан ұлттық стендінде «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау орталығының 25-тен астам жобасының трейлері көрсетілді.
Чунциндегі бұл кинофестиваль ШЫҰ елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, ұлттық кинематографияны дамытуға тың серпін берген маңызды алаң болды.