Кербез әжелер Болгариядан жеңіспен оралды

Патриот жаршысы
9

Астана қаласының әкімдігі

Астаналық сәнқой әжелер Болгарияда өткен халықаралық би және сән фестивалінде жүлделі орынға ие болды. Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Kerbez_models» тобы 60+ жас санатында «Сән шоуы. Ансамбль» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі лауреат атанып, «Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін» арнайы марапатпен де марапатталды.

Байқау Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында «Art in Motion» халықаралық жобасы аясында өтті. «Би жағалауы» деп аталған фестиваль Қазақстан мен Ресейдің Болгариядағы елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – би өнері арқылы халықтар достығын нығайту, дәстүрлі және заманауи хореографияны дамыту, талантты өнерпаздарды қолдау және мәдени мұраны сақтау.

«Kerbez_models» сахнада Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «Алмас тасты алтын қайшы» иегері Қайрол Әбішевтің «ZEKEN MODA» сәндік коллекциясын таныстырды. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Топ жетекшісі Екатерина Жақияқызы сәнқой әжелер аптасына үш рет жиналып, дайындық жасайтынын айтады. Кербез апаларымыз өнер мен сұлулық арқылы жасқа қарамай, шабыт пен рухани жігердің үлгісін көрсетіп жүр.

Редакция
Patriot Portaly