Іле ауданындағы игі бастама

Патриот жаршысы
29

Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысында қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті ауқымды шара өтті. 31 шілде күні Іле ауданында «Бүгін тазалық - ертең саулық!» атты экологиялық акция ұйымдастырылып, табиғатты қорғау мен ел болашағына бейжай қарамайтын тұрғындардың белсенділігін көрсетті.

Шараға 50-ден астам адам - эковолонтерлер, жастар ұйымдары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қатысушылар аудан аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жасыл желек отырғызды. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті арттыру мен қалдықтарды дұрыс басқару жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Акция барысында Іле аудандық мәслихатының депутаты Алмасбек Қожабекұлы Сатыбаев сөз сөйлеп, әр азаматтың мұндай бастамаларға қатысуы еліміздің экологиялық болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Нәтижесінде аудан көлемінде шамамен 3 тонна қоқыс жиналып, 10-нан астам техника жұмылдырылды. Қоғам белсенділері мұндай шараларды тұрақты түрде жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Аталған акция облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды экологиялық науқанның бір бөлігі. 2025 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына облыс бойынша 242 мыңнан астам адам мен 8 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым қатысқан. 7,1 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 76 мыңнан аса ағаш және 14 тонна тұқым себілді.

Осы уақыт аралығында 3 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй аулалары, 55 саябақ пен сквер, 906 тарихи-мәдени ескерткіш және 1 055 әлеуметтік нысан тазартылған. Сонымен қатар, 2 749 техника жұмылдырылып, 429 мектепте 11 мыңнан аса ағаш отырғызылған.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы медиажоспар әзірленіп, жыл басынан бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде 22 мыңнан астам материал жарияланған. Telegram-бот арқылы халықтан келіп түскен ұсыныстар мен шағымдар негізінде де нақты жұмыстар атқарылуда. Экология тақырыбындағы 200-ден аса мақала түрлі платформаларда жарияланып, облыс аумағында 43 тақырыптық баннер орнатылған.

«Таза Қазақстан» - бұл жай ғана сенбілік емес, бұл қоғам, мемлекет және бизнес өкілдері бірлесіп атсалысып жатқан үлкен экологиялық қозғалыс. Тазалық арқылы саулыққа бастар жол осындай игі бастамалармен қалануда.

Малика Рүстем
тілші