Жас теннисші Барселонада топ жарды

Фото: ҚТФ
Қазақстандық теннисші, 14 жастағы Мәриям Нұржан Барселонада өткен беделді Open Banc Sabadell U-14 Champion турнирінің чемпионы болды.
Мәриям Нұржан финалда жергілікті спортшыны 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Жеңімпазға жүлдені Барселона мэрі тапсырып, қазақстандық теннисшінің жеңіске деген жігерін атап көрсетті. Осы табысы нәтижесінде Мәриям тағы 8 мықты теннисшімен бірге биылғы сәуір айында Барселонада АТР 500 жарысымен бір мезгілде өтетін додада Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Мәриям Нұржан 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe рейтингісінде 109-орында тұр. Осы кезге дейін Tennis Europe аясында өткен турнирлерде бір жекелей және екі рет жұптық сында жеңімпаз болды. Қазақстандық теннисші Барселонада Next Level Tennis Team академиясында жаттығады.