Қазақтың біртуары дүниеден өтті

Патриот жаршысы
110

10 қаңтарда 85-ке қараған шағында жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин желідегі парақшасында хабарлады.

 "Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)" деп жазды Едіге Мағауин.

“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.

Мұхтар Мағауин көптеген әңгімелердің, «Тазының өлімі» (1969), «Бір атаның балалары» (1973), «Көкбалақ» (1978), «Жүйріктің тағдыры» (1979), «Шақан-Шері» (1984) т.б повестерінің, «Көк мұнар» романы (1971) мен «Аласапыран» роман-диологиясының (1980-1982) авторы. Жазушының негізгі шығармалары орыс тіліне аударылған; СССР халықтары мен шет ел тілдерінде басылған. 1984 жылы М.Мағауинге «Аласапыран» тарихи роман-диологиясы үшін Қазақ ССР-ының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сонымен қатар, «Сары қазақ» романы, «Мен» мемуарлық дилогиясы, «Кұңфудзынын даналық дәрістері» кітабын, «Шипалы Арасан» хикаяты, «Тамыздан соңғы әнгімелер», «Одағай әңгімелер» топтамалары, “Жармақ” романын жазды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.

– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.

Патриот порталы заңғар жазушының отбасына және күллі қазақ жұртына көңіл айтады.

Дариға Нысанқұл