Әйгерім Алтынбек – Портофино финалында

Патриот жаршысы
30

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияда өтіп жатқан беделді CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) халықаралық байқауының финалына жолдама алды. Биылғы дода 22–27 шілде аралығында Портофино қаласында ұйымдастырылып отыр.

CLIP байқауы алғаш рет 2015 жылы бастау алған және бүгінде 32 жасқа дейінгі опера әншілері үшін ең танымал халықаралық сахналардың біріне айналған. Қазылар алқасының құрамында әлемдік деңгейдегі опера театрларының - Миланның әйгілі «Ла Скала», Монте-Карло, Буэнос-Айрес, Мадрид пен Висбаден театрларының жетекшілері бар.

Байқауға әлемнің 50-ге жуық елінен 92 талантты өнерпаз қатысқан. Әйгерім осы мықтылардың арасынан суырылып шығып, финалға жолдама алды. Финалдық кезең Портофинодағы орталық алаң - Piazzetta di Portofino сахнасында оркестр сүйемелдеуімен өтеді. Жеңімпаздар есімі гала-концертте белгілі болады.

Әйгерім Алтынбектің бұл жетістігі - классикалық вокал саласында Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген өнер жолының жарқын жалғасы. Бұған дейін де ол бірқатар халықаралық опера байқауларында топ жарып, өнерімен танылған. Италиядағы Николай Гяуров атындағы халықаралық байқауда үшінші орынды иеленіп, аты аңызға айналған сопрано Мирелла Френи атындағы арнайы марапатқа қол жеткізген болатын.

Сонымен қатар, Әйгерім «Ла Скала» театрының жастар бағдарламасына қабылданып, алдағы екі жыл бойы осы әлемдік деңгейдегі театрда білім алады. Маусым айында ол аты аңызға айналған опера жұлдыздары Хосе Каррерас пен Андреа Бочеллимен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, өз кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Малика Рүстем
тілші