Білімге жасалған қайырымдылық: «Алматыкітап» шалғай өңірлерге цифрлық оқулық сыйлады

Патриот жаршысы
130

Фото:Алматыкітап баспасы

Қазақстанда білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды қайырымдылық бастама жүзеге асты. «Алматыкітап» баспасы еліміздің 20 өңіріндегі шалғай мектептер мен кітапханаларға арналған ауқымды әлеуметтік жобаны іске асырып, TopIQ-MobilBox мобильді оқу станцияларын тегін табыстады.

Жоба аясында әрқайсысының құны 400 мың теңге болатын 1000 дана заманауи оқу құрылғысы білім беру ұйымдарына жеткізілді. Бұл бастама ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін азайтып, мыңдаған оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік беріп отыр.

TopIQ-MobilBox – білім беру үдерісін жаңа деңгейге көтеруге арналған, автономды әрі заманауи технологиялармен жабдықталған мобильді оқу станциясы. Құрылғының басты артықшылығы – мобильділігі мен әмбебаптығы. 

Оны мұғалімдер сабақ барысында, шағын топтармен жұмыс істеуде, әдеби шығармаларды талдауда, мультфильмдер мен ертегілерді көрсетуде, сондай-ақ түрлі шығармашылық және тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруда тиімді пайдалана алады.

Оқу станциясына қазақ, орыс және басқа да тілдерде 395 оқулық пен көркем әдеби кітап, бейнематериалдар, мультфильмдер, интерактивті тапсырмалар мен тест-жаттықтырушылар жүктелген.

Сонымен қатар оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында Qamqor жасанды интеллект қызметі енгізілген.

Бұл жүйе педагогтер мен кітапханашыларға сабақ жоспарын дайындауға, оқу материалдарын таңдауға және білім сапасын арттыруға көмектеседі.

Жобаның негізгі мақсаты – шалғай аймақтардағы мектептер мен кітапханаларда оқу ресурстарының жетіспеушілігін жою, балаларға тең мүмкіндік беру және сапалы білімге жол ашу. 

Қайырымдылық жоба 19 желтоқсаннан бастап Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бастау алып, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және басқа да өңірлерді қамтыды.

Аталған бастама «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасын қолдай отырып, қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға бағытталған. 

Жоба білім беру саласымен қатар, жауапкершілік пен жанашырлық сияқты маңызды құндылықтарды дәріптейді.

TopIQ-MobilBox – бұл жай ғана оқу құрылғысы емес, бұл – болашаққа бағытталған қайырымдылық инвестиция.

Әрбір мектеп пен кітапханаға табысталған бұл станциялар мыңдаған оқушыға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың білім көкжиегін кеңейтеді.

Білім – ең үлкен қайырымдылық. Ал TopIQ-MobilBox – сол ізгіліктің нақты көрінісі.

Лағыл Намаз
тілші