Геннадий Головкин Президентке алғыс айтты

Патриот жаршысы
170

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Геннадий Головкин. Фото: instagram.com/gggboxing

Әлемдік спорт аренасында Қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин тағы бір маңызды белесті бағындырды. Италияның Рим қаласында өткен World Boxing Конгресінде ол халықаралық федерацияның президенті болып сайланып, қазақ спортының тарихына жаңа парақ қосты, деп хабарлайды Патриот порталы.

Бұл — тек Головкиннің жеке жеңісі емес, тұтас Қазақстанның спорттық беделінің артуына жол ашқан тарихи шешім. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында даңқты боксшыны құттықтап, оның әлемдік спортқа қосқан үлесін жоғары бағалады. Президент: «Головкиннің бұл қызметке тағайындалуы — оның ерен еңбегі мен жоғары кәсібилігіне берілген лайықты баға», – деп атап өтті.

Ұлт чемпионы президенттің жылы лебізіне қазақ тілінде жауап беріп, өз алғысын білдірді:

«Құрметті президент, құттықтауыңыз үшін үлкен рахмет! Сіздің қолдауыңыз бен сеніміңізді әрдайым сезінемін», – деп жазды Геннадий Головкин.

Бұған дейін де Головкин өзіне қолдау көрсеткен барша бокс жанкүйерлеріне, отандастарына және күллі қазақ халқына алғысын жеткізген еді. Оның айтуынша, халықаралық федерация басшылығына сайлану — тек жауапкершілік емес, Қазақстанның абыройын әлем алдында лайықты деңгейде танытуға берілген ерекше мүмкіндік.

Головкиннің жаңа қызметі қазақ спортының халықаралық деңгейдегі ықпалын арттырып, жаңа буын спортшыларға шабыт сыйлары сөзсіз. Тәуелсіздік ұрпағының намысын әлемге танытып жүрген спорт саңлағына ел халқы зор үміт артады.

Лағыл Намаз
тілші