Димаштан жас таланттарға дейін: қазақстандық өнерпаздардың 2025 жылғы жетістіктері
Фото: dimashnews.com
2025 жыл қазақстандық өнер үшін әлемдік деңгейдегі жарқын жаңалықтармен басталды. Қазақтың біртуар әншісі Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында жеке концерт беріп, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл тарихи концерт қазақ өнерінің халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте айқындады.
Биылғы жыл тек танымал өнер иелері үшін ғана емес, жас таланттар үшін де табысты болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді. Қазақстандық жас өнерпаздар әлемнің ең беделді музыкалық байқауларында өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтқанда:
Ержан Максим – Дубайда өткен Sanremo Best Song – 2025 халықаралық байқауының Гран-при иегері;
Александр Лим – Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері;
Алмагүл Батталиева – XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері;
El Voice тобы – Ставрополь қаласында өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері;
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай – XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы;
Жасмин Түзелова – Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуының финалисі;
Ернар Садырбаев (Amre) – Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі атанды.
Осы орайда Ернар Садырбаев өз пікірін білдірді:
— Маған осы күнге дейін сенімін жоғалтпай, қолдау көрсетіп келе жатқан еліме алғысымды білдіремін. Кез келген жас өнерпаз үшін қолдау өте маңызды. Мәдениет саласындағы әріптестерім Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауын сезініп келеді. Бұл шығармашылыққа тың серпін береді. Сенім мен батылдық артып, жаңа белестерді бағындыруға ынта пайда болады. Мен елімізді әлемге таныта беру үшін бар күш-жігерімді саламын, — деді ол.
Сонымен қатар, 2025 жылы шығармашылық оқу орындары студенттері арасынан байқау жеңімпаздарының саны 14,9 пайызға артты. Атап айтқанда, бір жылдың ішінде мәдениет саласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің 1511 студенті республикалық және халықаралық фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары атанды.
Бұл жетістіктер қазақстандық жастардың өнер саласында әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп қана қоймай, ел абыройын халықаралық сахнада лайықты қорғап жүргенін көрсетеді.
Айта кетейік, биыл мәдениет саласында орын алған өзге де айтулы оқиғалар туралы толығырақ Патриот порталының келесі материалдарынан оқи аласыз.