Kazakhstan Open 2025: халықаралық турнир

Астана қаласының әкімдігі
2025 жылғы 14–16 тамыз аралығында елордада таеквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өтеді. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген айтулы додада жасөспірімдер, жастар және ересектер сынға түседі. Қазіргі таңда әлемнің 20-дан астам елінен 750-ден астам спортшы өз қатысуын растады.
Турнирге қатысушы елдер қатарында: Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қытай, АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Кувейт, Оман, Люксембург, Тунис, Непал, Пәкістан, Палестина, Марокко және бейтарап мәртебедегі спортшылар бар.
Көп жылдық үзілістен кейін Қазақстан таеквондо әлемінің назарын қайта аударып отыр. Бұған дейін елімізде G-1 санатындағы халықаралық жарыстар 2015 жылы Алматыда, 2017 жылы Атырауда өткен болатын. Ал биылғы Kazakhstan Open - еліміздің таеквондо жарыстары картасына қайта оралғанының айқын дәлелі.
Турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай өтеді және алғаш рет Қазақстанда KPNP K-2 жүйесі мен жаңа электронды қолғаптар қолданылады. Сонымен қатар, елімізде тұңғыш рет Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы өнер көрсетеді.
Ауқымды спорттық шараға World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының басшысы және халықаралық кеңестің мүшелері келеді деп күтілуде.
Қазақстандық таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев турнирдің мән-маңызына тоқталып, бұл дода елдегі таеквондоның дамуына серпін беретінін, жастарға шабыт сыйлап, халықаралық спорттық ынтымақтастықты арттыратынын атап өтті.
Жалпы жүлде қоры - 15 808 000 теңге. Kazakhstan Open 2025 турнирі - тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен бірге 2026 жылғы Гран-при финалына дайындық және 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге арналған ресми өтінім алдындағы таныстыру алаңы ретінде де ерекше рөл атқарады.
Астана төрінде әлемдік деңгейдегі тартыс күтілуде!