АҚТӨБЕЛІК АТЫМТАЙ ЖОМАРТТЫҢ ЕЛ ЕСТІМЕГЕН ҚЫРЛАРЫ

Патриот жаршысы
1067

Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовтің жеңісіне қуанбаған қазақ жоқ.  Батыр ұлдың бойындағы өр намыс пен қанға сіңген тектілік қазақ халқына тарихи жеңіс сыйлады.  Айтулы жүлдеге орай спортшыға айрықша сый-сияпат жасап жатқандардың да қарасы көп.  Әсіресе 100 бас жылқы сыйлап қазақтың даладай дархан көңілін, мәрт мінезін көрсеткен ақтөбелік  кәсіпкер Әнуар Махановты ерекше атауға болады. Ата кәсіпті дөңгелетіп, іні алдында ізет-ілтипатын көрсеткен ағамызбен сұқбаттасқан едік.

 Мен  1975 жылы Байғанин ауданы, Жем өзенінің бойындағы Жарқамыс ауылда дүниеге келдім. Кезінде  ауыл үлкендері «Жарқамыс Жазушылар Одағы» деп айтатын. Себебі Нұрпейіс Байғанин, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Бәкір Тәжібаев секілді қаншама ақын-жазушылар, академиктер мен батырлар осы  киелі мекенде туылды. Осындай ұлылар дүниеге келген шежірелі  өңірде туып-өскеніме қуаныштымын. Атақты Мұстафа Кемал Ататүрік ұрпақтарына  «Кеңес дәуірі құлағаннан кейін ортаға бауырларың келеді. Сол бауырларыңа қол ұшын беріңдер»,- деген екен. Өнегелі өсиет бойынша сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Озал қазақтың балаларын өзім оқытамын деп елімізге өзі келген болатын. Сөйтіп 1992 жылы үздік медальмен бітірген балалар арасынан 500 бала іріктеліп алды. Сол балалардың ішінде өзім де болдым.  Түркияның Измир деген қаласында солайша  білім алдым. Ол жерде құранды алғаш қазақ тіліне аударған  алғашқы тұлға Халифа Алтайдың ұрпақтары қарсы алып, сол кісілермен араластық. Сөйтіп елге келіп, «Қазақ Түрік Мұнай» деген ең алғашқы мұнай кәсіпқорынында қызмет еттім. Әрі қарай өз шаруашылығымды ашуға ниеттеніп, бұл кәсіпті 2008 жылы 80 бас малмен бастаған болатынмын. Атам Махан да жылқы баққан адам. Қазір аталарым жылқы баққан, өсіп-өнген Жарғамыс ауылында  ата кәсіпті жалғап отырмын. Бастысы жиған мал елдің игілігіне жараса екен деймін.

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді»

Елдостан әуелден алтын күттім. Осы бауырым елге алтын алып келеді-ау деген үлкен үмітім болды. Жүректегі ел үміті ақталды. Олимпиаданы көріп отырып Елдоспен бірге қуанып, бірге жыладым. Сөйтіп 100 жылқыны Елдос ініме сый етемін деген шешімге келдім. Менің бағып отырған жылқыларым  менікі емес. Ол – елдікі. Сондықтан бұны елдің Елдостың жеңісіне қуанып берген сыйы деп есептеуге болады. Дегенмен, 100 жылқыны әркім әртүрлі қабылдап, әртүрлі  айтып жатыр. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай айтып кеткен «100 мама биені» Елдос бауырыма тәуелсіз болсын, өз кәсібін бастасын деген ізгі ағалық құрметпен бердім. Өзіне де «Спорттан кетіп қалма! Өз кәсібіңді аш! Артынан өзің сияқты чемпиондарды тәрбиелеп шығар!» деп өтініш айттым. Елдос бұған дейін екі олимпиадаға қатысты. Елімізге қола, күміс жүлделерін алып келді. Ол олимпиадаға барар кезде де жүлде алғандарды емес, енді жастарды жіберейік деген секілді әңгімелер болды. Дегенмен, Елдос Президентке өз уәдесін берді. Уәдесінде тұрып, алтын медальды ел қоржынана қосты. Осындан кейін қалайша қуанып, қалайша риза болмайсың?! Бұл кез-келген азаматтың қолынан келе бермейтін дүние деп ойлаймын. Алпауыт мемлекеттердің спортшыларымен белдесу, Олимпиада чемпионы атану оңай емес.  Бұл тек нағыз ерлердің ғана қолынан келеді.

«Ағаны көріп іні өсер»

Патша көңіл халық  барынша қолдап, ақ батасын беріп жатыр. Хабарлама жазып жатқандар да көп. Баршаңызға алғысымды білдіремін. Елдос інім де қуанып жатыр.  Оған мен де мәз болып «Әрқашан қолдайтын ағаларың барын ұмытпа» дедім. Ел басқарып жүрген ағалардың арасында ауызбіршілік бола екен деп үнемі айтып жүремін. Ағалар бір-бірін түсініп, бірігетін болса, осындай інілерін әрдайым қолдайды. Оны іні ретінде өзім сезгендіктен жақсы түсінемін. Мен үшін жаны жайсаң ағалардың бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері  – Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев еді. Үнемі қасына ерген інілеріне «Елге қызмет жасайық!» деп ұрандап, қолдап жүретін. Сол секілді біз де қамқор аға, ізетті іні болуға тырысамыз.

 Елдос бауырымды Олимпиададан кейін Ақтөбеге шақырдым. Ақтөбені көрсетіп, Жарқамыс ауылына алып барамын. «Елдос ағаларың келеді»- деп Байғанин ауданының балаларын жинайтын боламыз. Жастар ағаларын көріп бой түзейді, ой түзейді. Елдостай азамат болуға ұмтылады. Себебі болашақ чемпиондар қарапайым ауылдан шығады. Өзім де кезінде күрес спортымен айналыстым. Әкем Ақмырза Маханов еркін күрестен Кеңес Одағының чемпионы болды. Жаттықтырушым Мейірбек Үркембаев та сол кездегі чемпион еді. Cол үшін де спортшыларды құрметтеймін және  спортты сүйемін.

Қазір өзім екі қыз, екі ұл тәрбилеп отырған әкемін. Үлкен ұлым –11, кіші ұлым –7 жаста. Екеуі де футболға қызығады. Футболист боламыз деп жүр. Ұлдарымды болашақта Қазақстан футбол құрамасынан көретініме сенемін. Бастамаларын қолдаймын. Барлық әлем  сүйсініп жүрген Роналдо, Месси неге өзіміздің қазақтардың арасынан шықпасқа?! Сондықтан қазақ спортының дамығанын қалаймын. Мектеп оқушылары, ауыл жастары жарысқа барған кезде қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Қазақтың алға ұмтылған  әрбір баласына тілекшімін. Болашақта бір-екі зауыт ашып 500-ге жуық отбасына жұмыспен қамтып, айлық төлесем деймін. Елге барынша пайдалы еңбек етуді қалаймын. Жаман адамдардың ортасында жақсылар көп.  Жақсы адамдар көбейсе елге қызмет жасайды, дұрыс тәлім-тәрбие берді. Сол тәрбиені көріп өскен  балалар елді ойлайтын болады. Сондықтан ел-жұртымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Ел абыройын асқақтатар жастар көп болсын!

Дариға Нысанқұл