Жас химиктер әлемді мойындатты

Патриот жаршысы
111

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

5–14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO-2025) қазақстандық оқушылар керемет нәтиже көрсетті. Еліміздің атынан қатысқан төрт оқушы да жүлдегер атанып, Қазақстанның білім саласындағы беделін тағы да биіктетті.

Әлемнің 93 елінен келген 360-тан аса оқушы бақ сынаған бұл зияткерлік додада отандастарымыздың екеуі алтын, екеуі күміс медаль иеленді:

  1. Кирилл Ким – Астана қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, 12-сынып – алтын
  2. Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, 12-сынып – алтын
  3. Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, 12-сынып – күміс
  4. Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысы, «Білім-инновация» лицейі, 10-сынып – күміс

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен мамандар:
Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, олимпиада жеңімпазы
Ринат Илюсизов – халықаралық және республикалық білім бәйгелерінің бірнеше дүркін жеңімпазы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жетістік қазақстандық білімнің әлемдік деңгейде мойындалуының айқын дәлелі екенін атап өтті.

– Бұл жеңіс – жас буынның білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығының жемісі. Жеңістеріңіз жалғасын тауып, биік белестерден көріне беріңіздер! – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ұлттық құрама бірнеше оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға толық дайындықпен барған.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, олимпиада жеңімпаздарына мынадай көлемде сыйақы тағайындалады:
Алтын медаль – 1 500 АЕК,
Күміс медаль – 1 000 АЕК,
Қола медаль – 500 АЕК.
Жетекші ұстаздар да ынталандыру сыйақыларына ие болады.

Былтырғы IChO-2024 олимпиадасында да қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.

Ұлттық құраманың бұл жарқын жеңісі – еліміздің білім саласының әлеуеті мен болашағының зор екенін көрсетіп отыр. Жеңімпаз оқушыларды, олардың ұстаздарын және ата-аналарын шын жүректен құттықтаймыз!

Малика Рүстем
тілші