Фиджитал футболдан үздік команда анықталды

Патриот жаршысы
23

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында фиджитал футболдан «Road to Abu Dhabi» атты іріктеу турнирі өтті. Бұл жарыстың басты жүлдесі – 2025 жылы Абу-Дабиде өтетін Болашақ ойындарына жолдама алу мүмкіндігі болды.

Екі күнге созылған турнирге барлығы 8 команда қатысты. Нәтижесінде, UEL Team үздік деп танылып, халықаралық додаға қатысу құқығына ие болды. Екінші орынды ФКС Қарағанды иеленсе, The_OLIMPIACOS және Team Novaq ұжымдары үшінші-төртінші орындарды өзара бөлісті.

Фиджитал футбол – бұл виртуалды футбол ойыны мен нақты алаңдағы футболды біріктіретін заманауи формат. Командалар алдымен киберфутболда ойнап, дәл сол есеппен шынайы алаңда матч өткізеді.

UEL Team жаттықтырушысы Арман Пирманов қарсыластардың мықты болғанын атап өтті.

– Бұл турнир біз үшін үлкен жауапкершілік. Финалдық кезеңде 1 миллион доллар көлеміндегі жүлде қоры сарапқа салынады. Соған тыңғылықты дайындалатын боламыз, – деді ол.

Айта кетейік, 25–26 шілде күндері елордада фиджитал баскетболдан да іріктеу турнирі өтеді. Жанкүйерлер үшін кіру тегін. Жарыс таңғы 10:00-де басталады.

Малика Рүстем
тілші