ПАТРИОТ БОЛУДЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕСІЗ?

Әр мемлекеттің басты байлығы — адам. Халықсыз – мемлекет те, экономика да, тәуелсіздік те болмайды. Сондықтан да кез келген ел үшін ең қымбат қазына — білімді, дені сау, еңбекқор, отансүйгіш азаматтар.
Қазақстан Республикасының Ата заңында да: “Мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп анық жазылған. Бұл сөздерден мемлекеттің мәні — өз халқына деген қамқорлық пен құрмет екені көрініп тұр.
Патриот болу — туған еліңе деген құр сөз емес, нақты әрекет пен терең сезім. Мен үшін патриотизм — жүректен басталатын, елге деген адалдықпен өлшенетін қасиет. Ол — өз ұлтыңды мақтан тұту, тарихыңды білу, мәдениетіңді құрметтеу және болашағың үшін жауапкершілік сезіну.
Патриот болу — Отанды тек шеттен қорғау емес. Бейбіт күнде де елге қызмет етуге болады. Мысалы, дәрігер науқасты емдеп, мұғалім ұрпақты тәрбиелеп, студент білім алып, болашағына үлес қосса — бұл да отансүйгіштік. Яғни, патриоттық әр адамның кәсібі мен күнделікті ісінен көрінеді.
Меніңше, шынайы патриот өз елінің жетістігіне қуанып, кемшілігін түзетуге тырысады. Қазақ тілінде сөйлеп, дәстүрді ұлықтап, ұлттық құндылықтарды сақтай білу де — патриоттықтың көрінісі. Әлеуметтік желіде ел туралы оң пікір жазу, шетелде жүріп елдің атын құрметпен атау да — Отанға деген құрметтің белгісі.
Патриоттық — ұран емес, ол жүректегі үн. Тек мереке күні емес, күн сайын елге пайдалы болуға тырысу — мен үшін нағыз патриотизмнің өлшемі.
Абай атамның: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де — бір кірпіш, дүниеге. Кетігін тап та, бар қалан!» деген жыр жолдары – менің өмірлік ұстанған ұстанымым.
Дариға Тортаева,
Астана