Абайға арналған қос кітаптың тұсаукесері

Абай облысының әкімдігі
Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Семей қаласындағы «Ес-аймақ» рухани орталығында ерекше әдеби кеш өтті. Бұл күні халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсауы кесілді.
Қос туынды ұлы ақынның рухани әлемін терең танып, мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге жол ашады. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл еңбектер әдебиетсүйер қауым үшін құнды рухани олжа болмақ.
Кешке қоғам және әдебиет қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанов, профессор, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, ақын Асылан Тілеген, жазушы-документалист Қанат Тілеухан болды.
Іс-шараның модераторы – филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып. Ол Абай мұрасын насихаттауда мұндай еңбектердің маңызы зор екенін атап өтіп, авторларға жылы лебізін білдірді.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді. Хатта:
«Әлем әдебиетінде көркем шығармаға арналған танымдық энциклопедия сирек кездеседі. Ұлттық әдебиетімізде мұндай еңбек алғаш рет жарық көріп отыр. Бұл – абайтанудың жаңа кезеңінің бастауы», – деп жазылған.
Тұсаукесер - ұлы Абайға арналған іс-шаралардың жарқын жалғасы әрі ұлттық руханиятқа қосылған сүбелі үлес болды.