Қазақ күресінен Дели төрінде әлем біріншілігі басталды

Патриот жаршысы
26

Фото: Қайсар Есенов, Қазақ күресі федерациясы

Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты жалауын көтерді. Екі күнге жалғасатын дүбірлі додаға әлемнің 20-дан астам елінің 200-ге жуық балуаны қатысып жатыр. 

Аталған біріншіліктің бағдарламасына сәйкес, спортшылар (ерлер мен әйелдер) 16 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтауда. Дели төрінде төл күресімізден ел намысын қорғап жатқан балуандар қатарында Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Мұзаппаров Ерсұлтан, Нұрдәулет Жарылғапов, ⁠ Зарина Сарипова, Рауза Нұрмахамметова және Роза Нысантайқызы сынды үздіктер бар. 

Әлем біріншілігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен дели қаласындағы «Тьягарадж» ұлттық стадионында өтіп жатыр.

Дүбірлі доданың салтанатты ашылу шарасына Үндістанның Қазақ күресі ассоциациясының президенті Хариш Тяги, еркін күрестен Лондон — 2012 олимпиадасының қола жүлдегері Йогешвар Дутт және UWW техникалық делегаты Онур Шимшек қатысты.

Өз кезегінде сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов ұлттық құндылығымыз саналатын қазақ күресін халықаралық аренада насихаттайтын бұл чемпионаттың маңыздылығын тілге тиек етті.

 Үндістан — қазақ күресін белсенді түрде дамытып жатқан елдердің бірі. Қазіргі уақытқа дейін бұл елде қазақ күресінен төрт рет ел чемпионаты өткен. Сіздердің күресімізге жоғары қызығушылық танытып жүргендеріңіз — біз үшін үлкен мақтаныш. Екіжылдықтың басты додасының ақтық белдесуінде күресетін балуандарға сәттілік, ал көрермендерге жарқын эмоция тілеймін, - деді Дамир Әсенғазыұлы.

Айта кетсек, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары жұмыс істейді. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы және 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал, 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді.

Дариға Нысанқұл