Ана тілім – жүрегімнің үні

Патриот жаршысы
100

Фото: gov.kz

Тіл – әр елдің айнасы, жүрегінің үні. Ол қай халықтың болмасын өзіндік бояуын, нақышын, ішкі болмысын айшықтап тұрады. Әрбір тілде әуез бар, әр дыбыстың өз үні мен дірілі бар. Ол – ұлттың жаны, ұрпақтың аманаты. Ана тілі – адаммен бірге дүние есігін ашып, жүрекпен бірге соғатын қастерлі құбылыс. Оның әсемдігі мен тереңдігі, мағынасы мен құдіреті адам бойына ана сүтімен дарып, санада орнығады.

Тілдің байлығы – елдің байлығы. Ол – ұлттың ар-намысы, рухани кемелдігінің өлшемі. Сондықтан, әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай сақтау керек. Тілге деген немқұрайдылық — болашаққа деген селқостық. Ана тілімнің қадірін кетіріп, оны шұбарлауға жол бермеу – менің азаматтық парызым.

Әр адам баласы өз ұлтының қос қазынасын – дәстүрі мен тілін жүрекпен сүюі керек. Бұл – ұлт болмысының негізі. Жаңашылдыққа ұмтыламыз деп, өзегімізден нәр алған тілімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Батысқа еліктеп, түп-тамырымыздан қол үзу – үлкен қасірет. Елді ел ететін – тілі мен салты. Тіл жоғалса, елдің ертеңі де тұманданып, көмескі тартуы мүмкін.

Кейде өткеннің көлеңкесінде отырып, ана тілімнің шексіз құдіретін тереңінен сезінемін. Асыл бабаларым қалдырған көркем сөз, биік рух, шешендік өнер – бәрі осы тілдің бойында. Қазақтың сөзімен елшісін де тоқтатқан, дұшпанын да қайтарған. Бұл – тілдің емес, тұтас ұлттың қуаты. Кешегі өткен буын ана тілін көкірегінде жасырып жүріп те құрметтеді. Ал біз ашық, еркін заманда өмір сүрсек те, өз тілімізді менсінбей, өгейсіп бара жатқандаймыз. Жастар ана сүтімен дарыған қасиетті тілін ұмытып, шетелдік реңкке бой ұра бастады. Бұл – қауіпті үрдіс. Бірақ үміт үзілмейді. Әр заманның ұлт мұрасын қорғайтын да, ұмыттыратын да ұрпағы болады. Біз сол қорғаушылар қатарынан табылуға тиіспіз.

Әр адам өз ана тілін қадір тұтып, жүрегімен сүюге тиіс. Тіл — біздің рухымыздың, ұлттық болмысымыздың ең басты айғағы. Ол – сыртқы әлем мен ішкі жанның үндестігі. Ана тілім – менің құдіретім, менің болмысым. Оның арқасында менің жаным нәр алып, жүрегім сөйлейді. Бұл – менің ең үлкен бақытым.

Әсел Сүлеймен