Елордада таеквондо додасы басталды

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Астанада Kazakhstan Open-2025 халықаралық таеквондо турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Доданың ашылуына Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев және Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде спортқа жасалып жатқан қолдауды атап өтті:
«Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында спорт мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Қазір Қазақстанда 71 мыңнан астам адам таеквондомен тұрақты түрде шұғылданады. Турнирді қазақ жерінде өткізуге мүмкіндік бергені үшін Дүниежүзілік федерацияға, ұйымдастырушыларға және бүкіл спорт қауымдастығына алғыс айтамын».
Ашылу рәсімі Қазақстандағы таеквондо қозғалысының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл және Қазақстан таеквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналды. Осыған орай олардың перзенттері - Неслихан Өзтүрік пен Ерсұңқар Түлкиевке шапан тарту етілді.
Биылғы жарысқа 22 елден 750-ден астам спортшы жиналды. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Дода кадеттер, жасөспірімдер және ересектер санатында өтіп, 16 тамызға дейін жалғасады.