Спорт кешені салынды

Фото: «AMANAT» партиясы
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Бесарық ауылында спорт кешені салынды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сала басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Спорт – елімізді халықаралық деңгейде танытатын, Көк Туымызды желбірететін, Әнұранымызды асқақтататын айрықша маңызды сала. Былтыр Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сай келетін «Орталық стадионды» алдағы мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Аренаның», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Бүгін ашылған жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, жеткіншектердің жаттығу жасауына, спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Осы нысанда жаттыққан балалар болашақта еліміздің даңқын асқақтатады деген сенімдеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты іс-шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев ауыл тұрғындарын құттықтап, Бесарық ауылындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Әкбар Ақжігітов ақ батасын берді. Айта кетейік, жаңадан ашылған кешен бір мезетте 100-ге жуық баланы қабылдай алады. Азаматтардың қазақ күресі, дзюдо, бокс, грек-рим, еркін күрес, таеквондо, волейбол, футбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануына жағдай жасалды.