Балалар күніне орай – тегін тексерулер мен кеңестер

Астана қаласының әкімдігі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астанадағы барлық емханаларда балалар денсаулығын сақтауға бағытталған арнайы шаралар басталды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
«Дәрігер – балалардың жанашыры» ұранымен өтіп жатқан Ашық есік күндері аясында түрлі бейіндегі мамандар балаларды тегін қабылдауда. Олардың қатарында хирургтар, лор-дәрігерлер, офтальмологтар, невропатологтар, тіс дәрігерлері мен педиатрлар бар.
Қалаған жағдайда балаларға есту қабілетін тексеретін аудиоскрининг те жасалады. Сонымен қатар, ата-аналар баланы жан-жақты дамытуға арналған арнайы кабинеттерге де жүгіне алады.
Ашық есік күндері Астана қаласының барлық емханаларында әртүрлі күндері және уақыттарда өтеді. Толық ақпаратты медициналық мекемелердің ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан немесе учаскелік дәрігерлерден алуға болады.
Бұл бастама – балалар денсаулығын ерте жастан бақылауға алу мен ата-аналарға сапалы кеңес беру мақсатында қолға алынған маңызды шара.