«Әзірет Сұлтан» музей-қорығында билет бағасы өзгереді

Патриот жаршысы
26

azretsultan.kz

1 тамыздан бастап Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ақылы қызметтердің жаңа тарифі күшіне енеді. Бұл шешім қазіргі заман талабына сай музей қызметінің тиімділігін арттыру және өзіндік қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.

Музей – тек өткенді еске алатын орын емес, ол - ұлттың рухани болмысын танытатын, келешекке аманаттайтын мәдени кеңістік. Осы миссияны мінсіз атқару үшін қаржылық тетіктер мен материалдық базаның мығым болуы аса маңызды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар республикалық музейлердің, соның ішінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының да ақылы қызметтері бойынша жаңа баға саясаты бекітілді. Бұл ретте музей жұмысының ерекшелігі мен қоғамдық маңызы ескеріліп, бағаның қолжетімділігі сақталды.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы - еліміздегі ең іргелі рухани орындардың бірі. Ол XIV ғасырда Әмір Темірдің әмірімен Қожа Ахмет Ясауиге арнап салынған кесене негізінде құрылған. 1977 жылы музей мәртебесін алып, 2023 жылы еліміздегі алғашқы «Ұлттық музей-қорық» атағын иеленді.

Музей қызметі тек мемлекет есебінен емес, сондай-ақ ақылы қызметтер арқылы да қаржылануы тиіс. ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы мен Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес, мұндай мекемелердің жылдық табысының кемінде 30 пайызы өз кірісі есебінен түсуі қажет.

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында экскурсиялық қызметтер, аудиогидтер, фото-видео түсірілім, ғылыми сараптамалар, лекциялар мен квесттер секілді мәдени-ағартушылық іс-шаралар ақылы түрде ұсынылады. Бұл қаражат музейдің ғылыми-зерттеу, техникалық жабдықталу және танымдық жобаларын жүзеге асыруға бағытталады.

Салыстырмалы түрде алсақ, көрші мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы музейге кіру бағасы әлдеқайда арзан. Мысалы, Өзбекстандағы Самарқан музейіне кіру құны - 1640 теңге, Мәскеудегі Кремль музейінде - 7414 теңгеге дейін, Қырғызстандағы мемлекеттік музейде - 1200 теңгеден асады.

Ал елімізде инфляция деңгейі де баға саясатына әсер етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы он жылда тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы 2,6 есе, музейді ұстауға кететін шығындар - 4,6 есе артқан.

Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 4 шілдедегі №307-НҚ бұйрығына сәйкес, жаңа бағалар мынадай:

  1. Қазақстан азаматтары үшін – 300-1000 теңге аралығы

  2. Шетел азаматтары үшін – 1500-2000 теңге

  3. Ұжымдық экскурсиялар – 1000-5000 теңге көлемінде

Бұл қадам музей қызметінің сапасын жақсартуға, тарихи-мәдени мұраны сақтау ісін күшейтуге және ел туризмінің дамуына үлес қосуға бағытталған. «Әзірет Сұлтан» - тек өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі мен болашақтың рухани тұғыры.

Редакция
Patriot Portaly