Абай тойы Қарауылда қорытындыланды

Абай облысының әкімдігі
Абай облысында өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік шаралар ақынның туған жері – Абай ауданында түйінделді.
Қарауылтөбеде ұлттық спорттың сан түрлі сайыстары өтті. «Жеті қазына» фестивалі аясында жорға жарысы, 16 шақырымдық топ бәйге, 25 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Қазақ күресінен «Түйе палуан» (90 кг-нан жоғары) және «Өгіз палуан» (74 кг-ға дейін) анықталды.
Жүлдегерлерге жалпы саны 90 жылқы мен 10 автокөлік табыс етілді. Ерекше сыйлық – 180 шақырымдық ультрамарафон және тоғызқұмалақ жарысының жеңімпаздарына автокөлік тарту етілуі. Семей–Қарауыл бағытын 19 сағат 9 минутта жүгіріп өткен батысқазақстандық Баубек Ильясов марафон чемпионы атанды. Тоғызқұмалақта шымкенттік Ғалымжан Темірбаев жеңіске жетті.
Ұлттық спорт додасында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов («Түйе палуан»), алматылық Жігер Еркінұлы («Өгіз палуан») үздік болды. Топ бәйгеде – Алматы облысы, аламанда – Павлодар, жорға жарысында – Қырғызстан жүйріктері топ жарды.
Облыс әкімі Берік Уәли марапаттау рәсімінде мерейтойдың тойлаудан гөрі рухани, зияткерлік және спорттық мәнге басымдық берілгенін атап өтті. Онкүндік аясында «Абай академиясы» энциклопедиялық порталы іске қосылып, бірнеше кітаптың тұсауы кесілді, мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» ойыны ұйымдастырылды, зағип жандарға арналған кітапхана ашылды.
Хәкім мерейтойы Қарауылтөбеде өткен “Желсіз түнде жарық ай” гала-концертімен аяқталды.