Абай күнінде туған қос Абай

Ақтөбе облысының әкімдігі
10 тамыз – Абай күнінде Ақтөбе облысында 35 сәби дүние есігін ашты. Солардың екеуіне ұлы ойшылдың құрметіне «Абай» есімі берілді.
Жас аналар Айзана мен Ақгүлді құттықтау үшін қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев перзентханаға барып, сәбилердің жарық дүние есігін ашқан қуанышты сәтімен бөлісті. Шаһар басшысының атынан жаңа туған Абайлардың отбасына домбыра тарту етті.
«Абай күні туған перзенттеріңіз – рух пен даналықтың, үміт пен нұрдың белгісі. Ұлы ойшылдың өнегесімен өсіп, сөзі парасатқа, жүрегі мейірімге толы, еліне сүйікті азамат болсын!» – деді ол.
Алғашқы Абай таңғы 5:15-те, екінші Абай – Абай Абайбекұлы таңғы 7:00-де өмірге келді.
Айта кетейік, биылғы Абай күнінде Ақтөбе өңірінде 21 ұл, 14 қыз бала дүниеге келді.