Астана донорлары

Патриот жаршысы
39

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Дүниежүзілік қан доноры күні кең көлемде аталып өтті. Шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырды.

Мерекелік жиынға министрлік өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, ерікті донорлар және танымал эстрада жұлдыздары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – адам өмірін арашалап қалуға үлес қосып жүрген донорларға алғыс айту және жүйелі түрде қан тапсырудың маңызын кеңінен насихаттау.

Шара аясында бірқатар белсенді донор марапатталып, қатысушылар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Астанада 31 088 адам қан тапсырған. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында 14 149 тұрғын қан тапсырып үлгерді. Оның ішінде алғаш рет қан тапсырғандар саны 11 мыңнан асты, ал тұрақты донорлар саны – 5,9 мыңнан жоғары.

2024 жылы қалада бір ғана тұрақты қан тапсыру пункті жұмыс істеп, 194 көшпелі акция ұйымдастырылған. Ал биыл олардың саны екіге жетіп, бес ай ішінде 76 көшпелі шара өткен.

Бүгінде Астанадан 29 белсенді донор «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бес азаматтың құжаттары Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылды.

Ұйымдастырушылар ерікті донор болудың – адам өмірін құтқарудағы ең ізгі жолдардың бірі екенін атап өтті. Бұл – тек медициналық көмек емес, үлкен азаматтық жауапкершілік пен жанашырлықтың белгісі.

Қан тапсыру арқылы өмір сыйлап жүрген жандарға ел атынан алғыс білдіріліп, донорлық қозғалысқа қолдау көрсетудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Малика Рүстем
тілші