КИЕЛІ КИМЕШЕК

Patriot portaly
Жақында Ұлттық музей төрінде ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты жеке көрмесі ашылды. Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеп, кимешекті насихаттап жүрген қолөнер шеберімен көрме барысында сұқбаттасқан едік.
Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық»,- деген аталы сөз бар. Халқымыздың кимешекті денсаулықтан кейінгі байлық деп санауы тегін емес. Ақ жаулық демек – ана, ана – әйел заты. Барлығы дерлік бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Осы сөзден-ақ қазақтың әйел затына, анаға деген құрметінің тереңде жатқанын түсінуге болады. Кимешек – жәй ғана бас киім емес. Қазақ әйелі бірінші баласын босанып, ана атанғаннан кейін киетін жоғары статусқа ие бас киім. Киіп тұрған кимешегі сол әйелдің жеке куәлігі іспеттес. Қазақ халқында әйел затының жасын, руын, қай өңірден екенін сұрамайтын болған. Кимешек арқылы барлығын сұраусыз біліп, түсініп отырған.
Аналарымыздың алтын тәжіне айналған киелі кимешек көрген көзді сүйсіндіріп, көңілге ерекше жылылық сыйлайды. Мұқағали Мақатаев оны мына өлең жолдарымен өрнектеген. «Әже, сен бірге жүрсің меніменен, Өліге мен өзіңді телімегем. Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем…»
Кимешек десе жүрегі дір ете қалмайтын адам жоқ. Барлығы өзінің аяулы асыл әжесін, анасын еске алады деп ойлаймын. Тіпті әжелері кимешек кимеген күннің өзінде де, баяғы суреттердегі әжелеріміздің бейнесі көз алдына келетіні сөзсіз. Сондықтан халықты осынша баурап, қызықтырып тұрғанының да сыры – киелі кимешектің қасиеті, киесі деп ойлаймын. Көрмеде 30-ға жуық кимешек, оның ішінде коллекциямда жинаған кимешектің 18 түрін, әр өңірдің 150 жылға жуық уақыт болған көне кимешектерді ұсындым. Көненің негізінде жасаған, өзімнің қолымнан шыққан 12 кимешек түрі болды. Одан бөлек 10 түрлі қазақ әйелінің образын көрсеттік. Олар өз ой-қиялымнан шығып жасай салған кимешектер емес. Барлығы дерлік тарихи түпнұсқаның негізінде жасалған, дәлелденген жұмыс болып есептеледі. Оралған кимешектердің түндіктерін бізге дейін жеткізушілері бар. Әр өңірдегі эскпедициямен барып, көзбен көргеннің нәтижесінде дайындалды. Шылаушынның қалай тартуын, түндіктің оралуын біліп оны үйреткен, көне кимешекті киген көп әжелер бүгінде бұл өмірде жоқ. Астананың, ұлттық музейдің төрінде кимешектер қойылған кезде сол аналарымыздың әруағы бір аунады ғой деп ойлаймын. Бұл – ұлттың руханияты, ұлттың құндылығы. Ешқашан ұмыт қалатын дүние емес. Ақ жаулығымызды, кимешегімізді ұмытатын болсақ, ұмыт қалдыратын болсақ қалғанынының бәрі бос әңгіме. Себебі киімнің ең киелісі – кимешек. Қазақтың қаншама бағалы киімдері өте көп. Оның ішінде шапан, зерлі шапандар, құндыз бен сусардан жасалған ішіктер бар. Бірақ неге халқымыз кимешекті киелі деп солардан да жоғары биік орынға қояды?! Тіпті екі ел жауласып, бір-біріне қылыш сермесіп шыққанда әйел келіп ақ жаулығын ортаға тастай салған кезде соғыс тоқтайтын болған. Әрине, бұл дана халқымыздың кимешекке деген, әйел затына деген зор құрметінің көрінісі.
Қолөнер шеберінің айтуынша, қазір қазақ киімдерінің тарихын зерттемей жатып, заманауилыққа салынып әрі қазаққа жат киім үлгілерін шығаратын дизайнерлер көбейген.
Ең өкініштісі қазір ұлттық киімдерімізді, ұлттық дәстүрімізді басқа халықтарға емес, қазағымыздың өзіне насихаттауымыз керек. Өйткені қазағымыздың өзі көп дүниені білмейтін, түсінбейтін деңгейге жетті. Көбісі «Шетелге шығып насихаттау ойыңызда бар ма?» -деп сұрақ қойып жатады. Менің басты мақсатым ол емес. Біз Европа, Америкадан бұрын бірінші қазақтың өзіне түсіндіруіміз керек. Көп ұлттық киімдеріміз бен ұлттық бұйымдарымыз ұмыт болып бара жатыр. Көрмелерге алып шықсаң «бұл ұйғырдыкі ме, өзбектікі ме?»- деп сұрайды. Сәнді, сәулетті киімдерді қазаққа кимай, өзіміздің қазақ бауырларымыз айтқан кезде жүрегім қанжылап кетеді. Күнделікті тұрмыста қолданылмай жатса да, мұражайларымызда, кітаптарымызда тұр ғой. Осыған дейін Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан секілді аталарымыздың том-том жазған еңбегі қайда қалды?! Бүгінгі күнде өкінішке қарай көп дизайнерлердің ұлттық киім деп халыққа ұсынып жүргендері ұлттық киімге пародия сияқты. Нақты өзі емес. Базардағы дайын ою салынған алашаның бедері түсірілген маталардан оңды-солды киімдер тіге береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «корсет» деген қыздарға арналған дүние шықты. Қыздарымыздың барлығы соны жарыса киіп алды. Соны шығарған адамдарға «Қазақтың ұлттық киімі – ұлттық корсет» - деп насихаттамай-ақ қойыңдаршы деп айтамын. Дизайнерлердің заманауи жұмысы деп айта беріңіздер, бірақ қазақ халқына ұлттық киім деп әкелмеңіздер. Себебі қазақ қызы олай жүрмеген. Ол тіпті ұятты іш киімге саналады. Оны қалай ұлттық киім деп насихаттап жүрсіздер?! Қазақ қыздарының өзіне жасымды әдемі көйлегі, комзолы, ішігі, тоны бар. Бұның барлығы ізденбеушіліктен, надандықтан деп айтар едім. Дизайнер бір ұлттың ұлттық киімін жасап бастаймын деп қолына ине-жібін алмастан бұрын кітап бетін ашуы керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес»,-демекші, жеті рет ойланып, ізденіп қана бір кескен дұрыс. Қазақтыкі деп алып шықпас бұрын, қазақ деген ұлттың киімі деуге мынау лайық па деп сұрақ қою қажет.
Берік Әлібай: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және халықаралық «Карл Фаберже» ордендерінің иегері, суретші-зергер
Бұл көрме құнды көрмелердің бірі әрі бірегейі болды. Өйткені бұндай көрмелер өте сирек. Шығармашылық көрмелер көп болғанымен, Тілек Сұлтанның жасаған еңбегі өзіндік қолтаңбамен ерекшеленеді. Қазақ халқы мен қазақ мәдениеті үшін бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі қазақ киімдері артта қалып бара жатыр. Мысалы, көрші мемлекеттер Қытай, Қырғызстаннан тігілген киімдерді қазақ киімі деп киеміз. Ал бүгінгі көріп отырған киімдеріміз нағыз сонау этнографиялық дүниемізді, өткен ғасырларды көз алдымызға алып келді. Қарасаң көз сүйсінеді. Әр ру-тайпаның ерекшелігі, киімнің киіс үлгісі кимекшектен көрініп-ақ тұр. Қазақтың киелі кимешегін келіндеріміз бен асыл әжелеріміз киіп жүрсе қандай жарасымды болар еді. Ешкімге еліктемей, өзіміздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғүрпымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Оған сіз бен біз болып атсалысып, «тек маған қажет пе, тек мен ғана атсалысамын ба» деген немқұрайлылыққа салынуға болмайды. Қазақ болып туған әр перзент қазақтың бай мәдениетіне өз үлесін қосуы игі іс саналады. Сондықтан осындай мән-мағынаға, ұлттық құндылықтарға толы көрменің өткеніне қуаныштымын.
Мәруа Хамидоллақызы: Зейнеткер, көпбалалы ана
Күнделікті кимешек киіп жүргеніме 5 жылдың көлемі болды. Киелі кимешектің құдіретін, киелілігін сезініп жүрміз. Денсаулығымның да жақсарғанын байқадым. Қазір басымда жүннен жасалған үш бас киім бар. Оның сыртынан түндікпен орап аламыз. Басым мүлде ауырмайды. Пайдасы өте мол. Қатарластарымның сұрасам көбісі кимешекті тек той-жиынға барған кезде ғана киетіндерін айтып жатыр. Шіркін, кимешектің қасиетін түсінсе ерте әрі тастамай киіп жүрген болар еді. Сондықтан үлкен әжелеріміз, ақ жаулықты апаларымыз үнемі киіп жүрсе екен деп ойлаймын. Бұрында тіпті үлкендер ғана емес, жас келіндеріміз де кимешекті тастамай киіп жүрді. Ал қазір заман талабы, уақыт ағымына қарай бәрі өзгеріп жатыр. Кейбір замандастарымыз шаштарын бұйралап, тырнақтарын бояп жастардан қалыспайды. Сондай бір жағдайға куә болып, «Неге кимешек кимейсіз?»,-дегенімде: «Мен жастардан қалғым келмейді»,- деген жауап алдым. Өзім ондайға түбегейлі қарсымын. Керісінше бізге қарап жастарымыз бой түзейді емес пе?! Көрген кішкентай балалар «Әже» деп қуана құшақтап, жылы қабылдайды. Себебі нағыз қазақ әжесінің бейнесі осы. Тіпті, қоғамдық көлікте болсын, жолда болсын тоқтап амандасып, алғыстарын айтып жатады. Әсіресе ер адамдар тарапынан қолдау ерекше сезіледі. Әйелдер жағы қатты ұната қоймайды. Жасымызға сай болып кимешек киіп жүргенге не жетсін?!