Сақ дәуірінен сыр шертетін алтын жүзік табылды

Патриот жаршысы
125

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологтары Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Тоғызбұлақ ауылы маңынан сақ дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер тапты. Қазба жұмыстары тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақовтың жетекшілігімен жүргізілген.

Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 атты екі қорымда 50-ден астам қорған зерттеліп, олардың ішіндегі бірнеше элиталық нысан қазылды. Тоғызбұлақ-1 қорымындағы №3 және №4 қорғандардан адамның сүйек қалдықтары мен бағалы бұйымдар табылған. Атап айтқанда, №4 қорғаннан ер мен әйелдің сүйектерімен қатар, алтын тізбектің сынығы, алтын пластиналар, керамика, темір бұйымдар, тіпті тас келсап пен жануар сүйектері де шыққан.

Зерттеушілер үшін ең ерекше жаңалық — арыстан бейнеленген алтын жүзік. Салмағы шамамен 8 грамм болатын бұл жәдігер алтын құймасынан құйылып жасалған. Жүзіктегі бейнеде арыстанның тұмсығы мен жалынан бөлек, әйел бейнесі, қошқар мен бұқа элементтері де байқалады. Мұндай символдық бейнелер ежелгі сақ тайпаларында жиі кездесетін синкретті дүниетанымды көрсетеді.

Мамандардың пікірінше, табылған артефактілер біздің дәуірімізге дейінгі IV–III ғасырларға жатады. Бұл олжалар қазіргі Ұйғыр ауданының ерте темір дәуіріндегі сақ мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді.

Малика Рүстем
тілші