«ДосболLIKE» - буллингке қарсы нақты қадам

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстан мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталды. Еліміздің 9 өңірінде жүзеге асқан бұл жобаға 50 мектептен шамамен 70 мың оқушы және 5,5 мыңнан астам педагог қатысты.
Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды: мектептегі қазіргі ахуалды зерттеу, буллингтің алдын алу жүйесін қалыптастыру, мұғалімдерді оқыту және ата-аналарды үдеріске тарту. Әрбір мектеп өз жағдайына сай буллингке қарсы жеке әрекет ету моделін құрып, оған оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар толыққанды атсалысты.
Нәтиже көңіл қуантады:
-Буллерлердің үлесі 1,5%-ға төмендеді
-Өзін жәбірленуші сезінетін оқушылар саны 5,4%-ға азайды
-Сенім арта алатын ересек тәлімгері бар оқушылар саны үш есеге артты
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, жүйелі тәсіл мен барлық тараптардың бірлесе әрекет етуі — мектепте қауіпсіз және сенімді орта құрудың негізгі жолы.
«ДосболLIKE» бағдарламасы 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектептер мен колледждерде енгізіле бастайды. Қазіргі уақытта бұл бастаманы кең көлемде жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Отандық тәжірибеге негізделген бұл жоба — балалардың құқықтарын қорғау мен психологиялық әл-ауқатын арттыру бағытындағы маңызды қадам.