«Заң және тәртіп»: Астана оқушыларына тура жолдан таймау жолдары түсіндірілді

Патриот жаршысы
52

Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы №6 мектепте түлектерге арналған профилактикалық дәріс өтті. Іс-шараға прокуратура өкілдері мен танымал қазақстандық актер Дәурен Серғазин қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бұл шара «Заң және тәртіп» нарративасы мен «Жас үміт» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікке баулу және саналы өмірлік жол таңдауға бағыттау.

Прокуратура қызметкерлері жоғары сынып оқушыларына құқықтық тәртіп негіздері, заңды сақтау маңыздылығы және әр адамның өміріндегі моральдық қағидалар туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар, олар түлектерге болашақ мамандықты таңдау бойынша кеңестер беріп, құқық саласының мүмкіндіктерімен таныстырды.

«Біздің дәрістің басты мақсаты – жас ұрпаққа құқықтық мәдениетті сіңіру. Мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге тырысамыз, себебі олар оқушыларды заңға бағынуға және саналы кәсіби таңдауға ынталандырады», – деді Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай.

Шарада оқушылардың ерекше қызығушылығын актер Дәурен Серғазиннің қатысуы тудырды. Ол жастарға өзінің өмірлік тәжірибесінен шабыттандыратын оқиғалар айтып беріп, болашақ жолында сәттілік тіледі.

«Прокуратура осындай шараларды өткізетіні өте керемет. Мүмкін, дәл осындай кездесулердің арқасында жасөспірімдер қателіктерден аулақ болар. Актердің қатысқаны біз үшін күтпеген және жағымды тосынсый болды. Ол өмірден алынған оқиғалар айтып берді, бұл бізге болашақта көмектесуі мүмкін. Оның тәжірибесіне сүйене отырып, біз қиын жағдайларда қалай әрекет ету керектігін жақсырақ түсінетін боламыз»,

 – деген ойымен 11-сынып оқушысы Нұрали Жұмабек бөлісті.

Малика Рүстем
тілші