Жас гимнасттар жарқырады

Астана қаласының әкімдігі
Астана қаласында көркем гимнастикадан көпсайыс бойынша ел біріншілігі өз мәресіне жетті. 2009 жылы және одан кейін дүниеге келген жас спортшылар арасында өткен додада топтық және жекелей бағдарламалар бойынша үздіктер анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жекелей көпсайыс нәтижесінде Астана қаласының гимнастшылары ерекше көзге түсті. Айым Мейіржанова алтын медаль жеңіп алса, Эрика Жайлауова күміс жүлдеге ие болды.
Топтық бағдарламада да елордалықтар көш бастап, №1 Балалар-жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің командасы 51.150 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Команда құрамында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мадина Мырзабай өнер көрсетті.
Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының, үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының командасы еншіледі.
Командалық есепте де Астана қаласының жас гимнастшылары ерекше өнер көрсетіп, 14 өңірдің арасынан топ жарып, чемпион атанды. Бұл құрамда Айым Мейіржанова, Эрика Жайлауова, Дария Көшербаева және София Куряченко бар.
Күміс жүлде Қарағанды облысының командасына, ал қола медаль Шығыс Қазақстан облысына бұйырды.
Айта кетейік, ел чемпионатына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Абай, Павлодар, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 150-ден астам гимнаст қатысты. Жас спортшылар жеңіс жолында барын салып, көрермендерге тамаша әсер сыйлады.