Театрдан басталған тазалық

Астана қаласының әкімдігі
Астанадағы М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ұжымы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, сенбілік өткізді. Бұл шара 125-ші театр маусымының ашылуына орай «Театр ілгіштен әрі – тазалықтан басталады!» ұранымен ұйымдастырылды.
Театр қызметкерлері ғимарат маңын жинап, аумақты ретке келтірді. «Бұл театр – біздің үйіміз. Сондықтан мерейтойлық маусым қарсаңында оның таза әрі көрікті болуы маңызды», – дейді ұжым мүшелері.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Косенко экологиялық бастамаларды мәдениеттің бір бөлігі деп санайды: «Қалаға және онда тұратын адамдарға құрмет – тазалықтан басталады».
Ал актриса Ульяна Апрельская сенбілік ұжымға ортақ істе бірігіп, табиғатқа қамқорлықпен қараудың маңызын сезінуге көмектескенін айтты: «Бірге атқарған жұмыс бізге қуаныш сыйлап, бірлігімізді арттырады».
Сенбілік соңында театр ұжымы таза ауада шай ішіп, мерекелік көңіл-күймен күнді аяқтады.