Түрік ағайын тілімізге қызығуда

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Түрік студенттері академик Е.А. Бөкетоватындағы Қарағанды университетінде қазақ тілін үйренуде.
Бөкетов зерттеу университетінде «Ұлағат» атты қазақ тілін оқыту жобасы басталды. Осы жоба аясында Кастамону университетінің (Түркия) профессоры, доктор, филолог-ғалым, қазіргі түркі диалектері мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Орхан Сөйлемез бастаған PhD докторант, магистрант және бакалавриат студенттері Қарағандыға қазақ тілі деңгейін арттыру үшін келді.
«Ұлағат» жобасы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ шетелдік студенттер арасында қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға бағытталған. Магистранттарды, докторанттарды және бакалавриат студенттерін қоса алғанда, жобаға қатысушылар қазақ тілі курстарынан өтеді, сондай-ақ қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жайында таным көкжиегін байытады.
Бөкетов университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков бұл жоба университеттегі білім алушылардың түрік тілін үйренуге және ғылыми салада Кастамону университетінің ғалымдарымен ынтымақтасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жобаның бірінші күні қазақтың ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдар көрмесінен, сондай-ақ қолөнер бұйымдары бойынша шеберлік сыныптарынан басталды. Бағдарлама аясында Түркиядан келген студенттер Қарқаралыдағы Бөкетов университетінің оқу-далалық базасына бару жоспарлаған. Бұл оларға бір апта ішінде қазақ және түрік тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тереңірек түсінуге, сонымен бірге тұрмыстық сөздік қорын игеруге мүмкіндік береді.
«Ұлағат» жобасы өзара ынтымақтастық пен достыққа ықпал ете отырып, екі бауырлас халық арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған.