WorldSkills: жаңа белес

Патриот жаршысы
39

Астана қаласының әкімдігі

Астанада 16–30 мамыр аралығында өткен WorldSkills Astana-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Байқау аясында жастар түрлі мамандықтар бойынша білім-біліктіліктерін сынап, болашақ кәсіби жолына маңызды қадам жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Чемпионат қаланың 15 колледжінің базасында ұйымдастырылып, оған 350 қатысушы мен 250-ден астам сарапшы қатысты. Олар 50 құзырет бойынша бақ сынады. Тапсырмалар қатарында кірпіш қалау, прототиптеу, ақпараттық кабельдік желілер, веб-дизайн, IT-шешімдер, инженерлік графика, шаштараз және аспаздық өнер, кондитерлік іс, мобильді робототехника, флористика, BIM-модельдеу сияқты бағыттар болды.

– Бұл – жыл сайын өтетін дәстүрлі чемпионат. Бірақ биылғы шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп, ерекше маңызға ие болды, – деді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон.

Жеңімпаздарға алтын, күміс және қола медальдар мен құрмет медальондары табыс етілді. Енді үздік қатысушылар елорда атынан WorldSkills Kazakhstan-2025 Ұлттық чемпионатына жолдама алады.

Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курс студенті Аллажан Хамитов бұл чемпионатқа 1-курстан бері қатысуды армандағанын айтып, электромонтаж жұмыстарының өзектілігін атап өтті.

Чемпионат аясында бірқатар параллель турнирлер мен іс-шаралар өтті:

  • Abilympics – мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған;
  • DeafSkills – есту қабілеті төмен қатысушылар арасында;
  • «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN 2025» – республикалық кондитерлер чемпионаты.

Сондай-ақ колледждерде әлеуметтік серіктестермен бірге шеберлік сабақтары мен экскурсиялар ұйымдастырылып, қатысушыларға кәсіби білім беру жүйесімен тереңірек танысуға мүмкіндік берілді.

«100 бейіндік сынып» жобасы аясында 8 бағыт бойынша оқушылар слеті де өтті. Бұл шаралар жұмысшы мамандықтардың маңызын арттырып, кәсіби бағдарлауға тың серпін берді.

Малика Рүстем
тілші