Оқыдым, әрі қарай сіз жалғастырыңыз

Шымкентте оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын Шымқала» жобасы аясында көше кітапханалары ашылды.
Қала тұрғындарын рухани байыту мақсатында ашылған буккроссинг шаһар көшелерінде орналастырылған. Бұл жоба оқу мәдениетін арттыруға, оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ әдебиеттің үздік шығармаларын насихаттауға арналған.Бастама қаланың шағын аудандарында жергілікті тұрғындар арасында кітап алмасуға бағытталған.
Жобаның басты нысаны – оқылған кітаптарға екінші мүмкіндік беру және оқырмандар арасында кітап алмасуды ұйымдастыру. Мұндай жобалар көптеген елдерде сәтті жүзеге асырылуда, енді Шымкент те бұл бастамаға қосылды.
«Жоба көше кітапханалары арқылы оқуды насихаттау мүмкіндіктерін арттырады әрі тұрғындардың оқуға тартады. Аулаларда орнатылған буккроссинг бұрыштары қала тұрғындарына бос уақыттарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Бұл жоба арқылы әркім оқыған кітабын басқалармен бөлісе алады, сонымен қатар өзі үшін жаңа және қызықты нәрсе таба алады. Бұл бастама оқуды жаңа деңгейге көтеріп, халық арасында мәдени байланыстарды нығайтады» ,– дейді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапхана жүйесінің директоры Нұрила Жұманова.
Қазіргі уақытта көше кітапханалары қаланың алты жерінде жұмыс істейді. Тұрғындар мен қонақтар кезкелген уақытта қажетті кітапты алып, орнына басқасын қалдыра алады. Сондай-ақ, оқимын деген ынталы қауымның назарына кітаптың онлайн нұсқасы да ұсынылған. Болашақта кітапхана қызметкерлері оқырмандар үшін көше кітапханаларының санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Құндылығына ақы сұрамайтын қазына бәріне қол жетімді болуы – ел мәдениетінің артуына үлес қосары анық.