Өскеменде халықаралық шахмат фестивалі басталды

Патриот жаршысы
85

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Өскемен қаласында көпшілік асыға күткен «Oskemen Open-2025» халықаралық шахмат фестивалі салтанатты түрде ашылды. Бірнеше күнге созылатын зияткерлік додаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіби гроссмейстерлер, жас дарындар және жаңадан қадам басқан шахмат әуесқойлары қатысуда.

Фестивальдің ашылу рәсімі Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өтті. Аймақ басшысы ойын алаңдарын аралап, халықаралық шеберлермен және жас шахматшылармен пікір алмасып, сәтті ойын тіледі.

- Біздің мақсат - тек кәсіби спортшыларды ғана емес, шахматқа құштар жастарды да қолдау. Шахмат - ойлау қабілетін дамытатын, сабыр мен табандылықты талап ететін бірегей спорт түрі. Жастарымыз осы қасиеттерді бойына сіңіріп, үлкен биіктерді бағындырады деп сенеміз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ол сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірінде спортты қолдау – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұл жолғы халықаралық турнирдің тағы да Өскеменде өтуі – аймақтың шахмат спортына деген ықыласы мен мүмкіндігінің айғағы.

«Oskemen Open-2025» фестивалі аясында түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, қатысушыларға тәжірибе алмасу мен шеберлік арттыру мүмкіндігі беріледі. Зияткерлік сайыс Өскеменді халықаралық шахмат аренасындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыра түсті.

Малика Рүстем
тілші