Жер астындағы киіз үй

Патриот жаршысы
56

Жезқазғандық кенші Ақбейсен Қайырбеков жер астына киіз үй тікті. Өзі істейтін шахтада 650 метр тереңдікте орналасқан қазақы үй ауыр еңбекте жүрген жұмысшылардың бір мезгіл бас қосып, шәй ішетін сүйікті орнына айналған, деп хабарлады Patriot portaly сайты 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Ақбейсен Қайырбеков киіз үйді кейін өндіріс тарихы мен еңбек озаттары жайлы сыр шертетін шағын музейге айналдыруды жоспарлап отыр. Жезқазғаннан 200 шақырым қашықта орналасқан «Жомарт» шахтасында 1 мыңға тарта кенші вахталық әдіспен жұмыс істейді. Кенші 2006 жылы кеніш іске қосылған кезден бері осында еңбек етіп келеді.

Жер астына киіз үй тігу идеясы отбасынан жырақта жүрген еңбеккерлердің өздерін бір сәт үйінде жүргендей сезінсін деген ойдан туған дейді.

Ақбейсен Қайырбеков, төбені бекіту телімінің басшысы:

«Біз 12 сағат жер астында жұмыс жасаймыз. Сағат 1 мен 2 аралығында түскі ас уақыты. Сол кезде барлығы таза әрі жайлы жерде өз үйінде отырғандай сезінсе екен дедім. Ата-бабаларымыздың бәрі киіз үйде тұрды. Кейде бір үлкен сағыныш болады. Шіркін-ай, бір шаңырақтың астында шәй ішсек қой деп армандайсың. Демалысқа барғанда күнделікті көп қабатты үйде тұрады. Бірақ қанда бар нәрсені сағынады. Сол сағынышты осы киіз үйдің ішіне кіріп шәй ішкенде басса ғой деген ой болды.Біздің әкелеріміз, ата-бабаларымыз айтатын дастархан басына келгенде біреуді өсектесең күнә болады, жақсы болмайды. Біреудің ауыртпалығын алып қайтесің, одан да жақсы сөз айту керек, жақсы сөз- жарым ырыс. Сондықтан осында 5 минут отырса да мен жігіттерге осы Қазақстанның тарихын, белді адамдарын айтып отырамын».

  Ербол Биболов, кеніштің бас инженері:

«Ақбейсен Төкенұлының өзінің әр түрлі идеялары бар. Сол идеяларының ішінде біз қолдау берген осы киіз үй проектісі болатын. Салуға, орындарын дайындап, ішін безендіруге қарсы алдық. Патриотизм ретінде, духын көтеруге пайдалы деп ойлаймын».

 Ақбейсен Қайырбеков киіз үйден бөлек тағы бірнеше жобаны жүзеге асырған. Болашақта ол кеніштің аумағын үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлап қойған. Қазірдің өзінде көптеген жеміс ағаштарын жерсіндіріп, түрлі аң-құстың мүсінін орнатқан. Еңбекқор азамат мұның бәрін жұмыстан тыс уақытта жасаған. Тіпті еңбектің өтеуі деп басшылық ұсынған сыйақыдан да бас тартқан.

«Бұл екінші үйімізге айналған жұмыс орныма жасаған азғантай сыйым» дейді ол.

 

https://www.youtube.com/watch?v=XtnHDRm0UC8 

Дариға Нысанқұл