Ел қауіпсіздігінің сенімді қалқаны

Патриот жаршысы
46

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы күштерінің маңызды құрылымы – Аумақтық әскерлер құрылғанына биыл жеті жыл толды. Бұл әскери құрылым 2017 жылғы 13 маусымда ресми түрде құрылып, еліміздің аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.

Аумақтық әскерлердің негізгі тірегі – резервтегі әскери бөлімдер. Олар еліміздің әкімшілік-аумақтық бірліктерінде орналасқан және өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға толық дайын. Бұл құрылымға жалпы басшылықты генерал-майор Асқар Жоламанов басқаратын Аумақтық қорғаныс департаменті жүргізеді. Департамент жұмысы 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылады.

Биыл «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» жаңа заң қабылданып, бірқатар ұғымдар – «ерікті», «өзін-өзі қорғау құрылымы», «аумақтық қорғаныс нысаны» заң жүзінде бекітілді. Жоспарға сәйкес, аумақтық әскерлер қатарына келісімшарт негізінде кадрлық резерв қалыптастыру, инфрақұрылым нысандарын салу, материалдық-техникалық қамтуды жетілдіру көзделген.

Аумақтық әскерлер түрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларға қатысып, жергілікті билік органдарының өкілдері мен әскери міндеттілерге арналған дайындық курстарын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Олардың басты миссиясы – елді мекендер мен маңызды нысандарды күзету, қажет болған жағдайда табиғи немесе техногендік апаттар кезінде халыққа көмек көрсету. Мысалы, 2022 жылы Қостанайдағы орман өртін сөндіруге, 2023 жылы Батыс Қазақстан мен басқа да өңірлердегі су тасқыны зардаптарын жоюға атсалысты.

Аумақтық әскерлер – бейбіт күннің батырлары.

Малика Рүстем
тілші