Батыр Әлияның 100 жылдығына – 550 дрондық құрмет

Патриот жаршысы
18

Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара өтті. «Әлия – ғұмыр» атты кешке облыс әкімі Асхат Шахаров пен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты.

Мерекенің шарықтау шегі – «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңындағы әсерлі дрондар шоуы болды. 550 дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, Әлия бейнесін, Ақтөбенің көрікті жерлері мен ел рәміздерін бейнеледі. Мемлекеттік Ту көрсетілген сәтте 40 мыңнан аса көрермен Гимнді бірге орындап, ерекше рухты атмосфера қалыптасты. Жарық шоу лазер мен әуеннің сүйемелдеуімен өтті. Бұл көріністі Aspan Galaxy компаниясы ұсынды.

Сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар, танымал әртістер өнер көрсетті. Аллаберген Жақсыбаев, Мирас пен Құралай, Қанат пен Света Айтбаевтар, Садраддин, Әлихан Зейнолла және қазақ эстрадасының аңызы Роза Рымбаева көрерменге ерекше кеш сыйлады. Әсіресе, «Әлия» әнімен аяқталған концерт көптің жүрегіне жетті.

Мерейтой аясында екі күнге жалғасқан ауқымды бағдарлама ұйымдастырылып, театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар, гүл қою рәсімдері өтті. Бұл шаралар тарих пен тағылымды дәріптеп, жастарға үлгі, елге мақтаныш болды.

Әлия Молдағұловаға арналған мерекелік іс-шаралар оның ерлігі мен рухын жас ұрпаққа насихаттауда үлкен маңызға ие болды. Ақтөбеліктер үшін бұл той – тек өткенді еске алу ғана емес, болашаққа деген сенімнің, елдік пен ерліктің жарқын көрінісі.

Малика Рүстем
тілші