Қазақ деректі фильмі Нью-Йоркте жеңіске жетті

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылғы 31 шілде – 10 тамыз аралығында Нью-Йоркте өткен 48-ші Asian American International Film Festival (AAIFF) аясында қазақстандық «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі Sikay Tang Critical Lens Award жүлдесін иеленді.
Бұл сыйлық көрнекті режиссер және монтаж шебері Сикай Тангтың құрметіне тағайындалған және әлеуметтік, мәдени тақырыптарды терең зерттеген деректі картиналарға беріледі. Жүлде небәрі екінші жыл табысталып отыр, бірақ AAIFF деректі бағдарламасындағы ең беделді марапаттардың бірі саналады.
Режиссер Алина Мустафинаның фильмі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Туындыда үш буын өкілі Қазақстаннан Татарстанға, кейін Польшаға аттанып, түп-тамырын іздейді.
Фильм бұған дейін Пусан халықаралық кинофестивалінде әлемдік, Турин кинофестивалінде еуропалық премьерасын өткізген. Сондай-ақ «Бастау» фестивалінде «Үздік дебют» жүлдесін, Тегерандағы Cinema Verite фестивалінде «Үздік фильм» Гран-приін жеңіп алған. Италиядағы Bolzano Film Festival Bozen және Абайдағы ORAI Festival-де арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды.
AAIFF – 1978 жылдан бері азиялық және азия-америкалық кинематографистердің басты шығармашылық алаңы болып келеді.