«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

Патриот жаршысы
37

ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы

Бүгін, 3 қыркүйекте, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ботай елді мекенінде халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Оған шет мемлекеттерден 8 команда бақ сынаса, елімізден 9 команда сынға түседі.

«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Халықаралық «Ұлы дала жорығының» ашылу салатанатында сөз алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ұлы дала төсінде өтетін көшпенділердің ұлан-асыр мерекесінің басы – осы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінен басталады»,- делінген хатта.

Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысының командалары қорғайды.

Тұңғыш рет өтіп жатқан жорыққа елімізден қос бірдей қыздар командасы қатысуда. Бірі Маңғыстаудан келген «Суын» командасы болса, екіншісі Ақмола облысының «Томирис» командасы. Ақмоланың арулары бұған дейін республикалық марафон-бәйгеге қатысқан, тәжірибе жинаған.

Халықаралық «Ұлы дала жорығын» ұйымдастырушылар бұл жолы қазақы тұқымдарға ерекше мән берді. Сол себептен Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай, Жетісу арғымағы тұқымдары осы жарысқа қатысып жатыр.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, бұл Жорық өркениеттің тал бесігі Ботайдан басталуына ерекше тоқталды. «Себебі Ботай ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыларға құнды деп есептеймін»,-деді.

Шабандоздар 3-7 қыркүйек аралығында Лобаново ауылынан Астанаға дейін 500 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Марафон әрқайсысы 100 шақырымнан тұратын 5 кезеңге бөлінген. Дүбірлі додаlf қатысушылар мен көрермендер ежелгі түріктердің қасиетті және тарихи орындарын аралауға мүмкіндік алады.  

Ат жарысына 9 қазақстандық команда, оның ішінде екі әйелдер командасы қатысып жатыр. Сондай-ақ жарысқа Түркия, Венгрия, Иран, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан және Ресейден, атап айтқанда, Татарстан, Кабарда-Балқария және Қарашай-Шеркесиядан келген 8 шетелдік команда қатысады. Әрбір команда 5 шабандоз және 5 жүйріктен тұрады.

Айта кету керек, «Ұлы дала жорығы» ішкі және сыртқы туризмнің дамуына, жаңа қызықты экскурсиялық орындардың ашылуына және қазақ жылқы тұқымдарын насихаттауға ықпал етеді. Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы болды.

 

Редакция
Patriot Portaly