Оқушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға құрылғы ойлап тапты

Фото: rsc.atyrau
APEC Petrotechnic жоғары колледжінің студенті Дәмеля Жалғас пен Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің оқушысы Әмина Талғаттың жобасы «KazRobotics» республикалық чемпионатында үшінші орынды иеленді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрылғы тапты.
"Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуді жөн көріп, идея іздеп медицина мамандарына жүгіндік. Қазақстанда тірек-қозғалыс аппаратына тәуелді жандарды оңалтуға арналған орталықтарда құрал-жабдықтардың жетіспейтінін білдік. Бұл жобаны жүзеге асыруға екі ай қажет болды. Біз өндірісте қолжетімді әрі қымбат емес келетін пластмасса, бекіткіш, топса және жеңіл металл түтіктерін қолдандық", - деді Дамеля Жалғас.
Болашақта қос құрбы «JasUp» жобасы аясында өздерінің өнертабыстарына қызығушылық танытып отырған Атырау облысындағы оңалту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. «Теңізшевройл» әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба жастардың техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
" Бұл жобаның мақсаты – жастардың бос уақытын пайдалы іске арнауына, техникалық дағдысын жетілдіруіне ықпал ету. Оған ұстаздар да қатысып, біліктілігін арттырды. Жоба аясында роботехника, бағдарлама дайындау, жасанды интеллект, 3D модельдеу және модель жасау бойынша тегін сабақтар өткізілді", - деп мәлім етті Асқар Алдан.
Былтыр бұл жоба бойынша 44 шеберлік сағаты мен 8 байқау ұйымдастырылған. Оған 13-25 жас аралығындағы 3 мыңнан астам жас қатысқан.