ТЕКТІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсеткені үшін Қазақстан халқына алғысын білдірді. Ол Әзербайжан телеарналарының біріне берген сұхбатында қазақстандық құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетіп, ерлік көрсеткенін атап өтті. Әсіресе алғашқы көмек көрсеткен дәрігерлерге ерекше алғыс айтып, Әзербайжан елшілігіне келіп гүл шоқтарын қойған қазақстандықтардың бауырмалдығына тоқталды.
«Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіру үшін қоңырау шалдым. Апаттан кейін қазақстандық құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, қираған фюзеляждан адамдарды құтқара бастағаны туралы ақпарат алдық. Ұшақтың бір бөлігі өртке оранды, от екінші бөлікке де таралуы әбден мүмкін еді. Бірақ қатерге қарамастан олар нағыз ерлік көрсетті» , — Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті.
«Мен білемін, қазақ бауырларымыздың көрсеткен ынтымақтастығы Әзербайжан халқының жүрегінде ерекше із қалдырды. Қарапайым тұрғындар Ақтаудағы біздің консулдыққа келіп, гүл шоқтарын қойып, көңілдерін білдірді, бізбен ынтымақтастық танытты. Нағыз достық пен бауырластық дәл осындай болуы тиіс», – деді Әлиев.
Сұхбат барысында Әзербайжан Президенті қиын жағдайдан кейін екі ел арасындағы достық пен бауырластық одан әрі нығая түскенін айтты.
«Сондай-ақ мен қайғылы оқиға салдарынан алты қазақстандық азаматтың қаза болуына байланысты Президент Тоқаевқа көңіл айттым. Ол да маған көңіл айтты. Қаншалықты ауыр оқиға болса да, бұл сын-қатер болды. Бұл сынақтан кім және қалай өтетіні маңызды. Тағы да айта кетейін, бұл қайғылы оқиғаға қарамастан, Қазақстан да дәл осындай пікірде екеніне көз жеткіздім және сенімдімін. Біздің достығымыз бен бауырластығымыз осы қиын жағдайдан кейін одан әрі нығая түсті», – деді Әзербайжан Президенті.
Одан бөлек, Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсеткен Қазақстан дәрігерлеріне алғыс айту жеделхатын жолдады. Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына, зардап шеккендерді құтқаруға және оларға көмек көрсетуді ұйымдастыруға жұмылдырылған барлық дәрігерлерге алғысын білдірді.
Хатта «Ұшақ апатынан қаза тапқан Қазақстандықтарға шын жүректен көңіл айтамыз. Апат кезінде жоғары кәсібилігін көрсеткен жедел жәрдем қызметіне, білікті дәрігерлерге, ауыр халде жеткізілген науқастарға жоғары дәрежеде ем-дом көрсеткен мамандарға шексіз алғысымызды білдіреміз», – делінген.
«Құрметті қазақстандық бауырлар, мен сіздердің батылдықтарыңыз үшін, жанашырлықтарыңыз үшін, адамгершілік ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын. Қиын-қыстау кезде көмек қолын созып, қолдау көрсету мықтылардың ғана қолынан келеді. Бұл орайда ерекше алғысты Ақтау қаласының тұрғындарына арнайы айтқым келеді. Әсіресе медицина және құтқару қызметі мамандарына, қан тапсырып, біздің консулдыққа гүл әкелген азаматтарға ризамын. Жараланған адамдарға жасаған жақсылықтарыңыз ұмытылмайды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Жақын, жанашыр қазақ жұртына алғысым шексіз»,– дейді дәрігер Полина Әлиева.
Міне, тектілік пен татулықты сақтап, қиын сәтте қол ұшын берген елімізге бауырлас халықтың ризашылығы мен ілтипаты осындай. Қазыбек бабамыз айтпақшы, «Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз». Қайғылы жағдайға көңіл айта отырып, екі ел арасындағы мызғымас бірлік одан әрі нығая берсін деп тілек білдіреміз.