ТЕКТІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕ ТӨРІНДЕ ӨСЕДІ

Патриот жаршысы
85

Фото: canva.com

Адамның тұлға болып қалыптасу жолында бірнеше маңызды орта әсер етеді. Солардың ішінде ең бастысы — Отбасы. Қоршаған орта, дос-жаранның орны бөлек болғанымен, ұлттық және рухани құндылықтарды бойға дарыту ең алдымен отбасыдан бастау алады. Бұл — әр баланың жүрегіне алғаш даналық дәнін себетін, санаға ізгілік ұрығын егетін ұлы ұя.

Отбасы — баланың азамат болып өсуінің алғашқы мектебі. Қазақ халқына саналы, ұлттық рухпен сусындаған перзент тәрбиелеу осы қара шаңырақтың қабырғасында басталады. Әкенің асқар таудай айбары мен тік мінезінен, ананың мейірімді құшағы мен шексіз даналығынан нәр алған бала — ертең ел арқа сүйер тұлғаға айналуы мүмкін.

Отбасы — сізді әр келгенде құшағын айқара ашып қарсы алатын қасиетті мекен. Бұл — жүрегіңіз қайта-қайта тартып тұратын, әр адамына ерекше риясыз махаббатпен қарайтын жылылық ошағы. Сізді барлық кейпіңізде қабылдай алатын, түсініп, бірге өзгеруге дайын жандар шоғырланған орта. Мұнда әр күн ерекше, әр сәттің өз бояуы, өз үні бар. Бұл — анамыздың мейірі мен әкеміздің асқақ бейнесі жүрекке мәңгілік орын тепкен шаңырақ.

Отбасында әркімнің өз орны бар: бірі — ерке бал, бірі — ақылгөй, бірі — махаббаттың шуағы. Осындай үйлесім мен үндестік — біздің ең үлкен байлығымыз, өмірдегі басты тірегіміз.

Қазақ халқы ежелден отбасы құндылықтарын ардақ тұтқан халық. Кімнің өміріне үңілсеңіз де, туыстары, жора-жолдастары мен жақын-жуықтары жанынан табылады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, біреудің ала жібін аттамай, ар-ұятпен өмір сүру — бұлардың барлығы да тал бесіктен берілетін тәрбие. Бұл тәрбие отбасында басталып, ұлттың тұтастығына ұласады.

Отбасы — ең әуелі бір-бірін құрметтеу, түсіну, тыңдай білу. Керек сәтте үнсіздікпен демеу көрсету, қажет кезде тірек бола білу. Қуанышты бірге бөлісіп, қайғыны бірге еңсеру — міне, отбасының нағыз мағынасы осында. Ол — шағын мемлекет. Оның ішкі ынтымағы мен бүтіндігі үлкен Қазақстан деген алып шаңырақтың бірлігін қалыптастырады.

Тату жанұялардан тұтас елдің тағдыры құралады. Отбасындағы жылылық — елдегі татулықтың бастауы. Осындай берік негіздің үстінде ғана болашақ ұрпақ рухани бай, жүрегі жұмсақ, арманы биік тұлғаға айналады.

Әсел Сүлеймен