Би әлемінің барысы: төрт жастағы Адина

Патриот жаршысы
27

Ашық дереккөзден

Талдықорғандық төрт жастағы Адина Ерқайрат би әлеміне жарқ етіп кіріп, көрерменнің жүрегін бірден жаулап алды. Ол сахнада өзіне тән харизмасымен көзге түсіп, өнерімен таңғалдырды. Адина көрермен алдына жарқырап шыққандай әсер қалдырды — үстіндегі стильді велюр костюм, әдемі тастармен көмкерілген, леопард үлгісіндегі өрнек, сүйкімді құлақшалар мен құйрық, әрі табиғи жануар бейнесін келтіретін грим оның образына ерекше өң берді.

Бастапқыда Адина сахнада арыстанның бейнесінде өнер көрсетуі керек болған. Алайда жол-жөнекей кейіпкері барысқа ауысқанымен, бұл өзгеріс оның жеңісіне кедергі болмады. Керісінше, ол Гран-при иегері атанып, Ташкент пен Дубайға жолдама ұтып алды.

Ақбота Мадалимованың үш баласы бар, Адина – тұңғышы. Адина – жарқын мінезді, жайдары, көпшіл әрі сезімтал қыз. Ән айтып, би билегенді ұнатады. Ол би үйірмесіне алты ай бұрын барған, содан бері өнерге деген ынтасы артып, әр сабақты асыға күтетін болған. Аптасына екі рет студияға барып тұрады. Өзінің хореографы Дамира Нұрлановнаны қатты жақсы көреді, оны өз кумирі санайды. Музыка қосылса болды, Адина бірден би қозғалысына кірісіп кетеді.

Хореограф Дамира Қанапия алғашында Адинаны жасының кішілігіне байланысты қабылдауға күмәнмен қараған. Бірақ кішкентай қыздың алғашқы қимылдарын көріп-ақ, оның болашағы жарқын болатынына көзі жеткен.

Бүгінде Адина тек сахнада ғана емес, әлеуметтік желіде де танымал жұлдызға айналды. TikTok-та жарияланған оның бір импровизациялық биі 10 миллион қаралым жинап, түрлі парақшаларда тарап кетті.

Адина Ерқайрат — кішкентай жұлдыз, үлкен сахналарға нық қадам басып келе жатқан жарқын тұлға.

Малика Рүстем
тілші