Жастардың жазғы жолы

Патриот жаршысы
58

Астана қаласының әкімдігі

Астанада «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жаз бойы 5 мыңнан астам оқушы мен студент еңбек ететін болды

Жастардың бұл бастамасы елордада 21-рет өткізіліп жатқан студенттік құрылыс және еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылуымен басталды. Ашылу салтанаты Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының және «Студенттік құрылыс және жастар жасақтарының республикалық қозғалысы» қоғамдық қорының қолдауымен амфитеатрда өтті.

Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жұмыс істейтіндерге 64 564 теңге көлемінде жалақы және арнайы жұмыс формасы беріледі. Мектеп оқушылары өз мектептерінің ауласында еңбек етсе, ересек жастар қаладағы саябақтар мен гүлзарларда жұмыс атқарады. Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдардың айтуынша, еңбек етуге көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жастарға басымдық беріледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар күн сайын 4 сағат, аптасына 5 күн еңбек ете алады.

Мектептерде жұмыс істейтін балаларға әлеуметтік педагогтар бекітілген. Әр мектепте 15 бала еңбекке тартылады. Өткен жылы бағдарламаға 4 000 бала қатысқан болса, биыл сұраныстың артуына байланысты 5 200 орын қарастырылып отыр.

«Жасыл ел» бағдарламасы – тек табыс көзі емес, сонымен қатар тәрбие мен дамуға арналған алаң. Жастардың қоғамға деген жауапкершілігі артып, экологиялық мәдениеті қалыптасады. Қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжанның айтуынша, бұл бағдарлама жастардың көшбасшылық қабілеттерін ашуға, жаңа достар табуға және волонтерлік қызметке араласуға үлкен мүмкіндік береді. Бағдарлама барысында берілетін арнайы форма балаларда қалады, ал тапқан қаражаттарын өз қажеттеріне жұмсай алады.

Ашылу рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Шарада Ибрагим Ескендір, «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының әртістері және «BalaTime» шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері өнер көрсетті.

Малика Рүстем
тілші