Аргентина радиосын жаулап алған - Димаш

dimashnews.com
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы Латын Америкасында кеңінен таралуда. 2025 жылдың мамыр айынан бастап Аргентинадағы жетекші радиостанцияларда оның 75-тен астам әні тұрақты түрде эфирге шығып жатыр. Әндері тыңдармандардың ықыласына бөленіп, жергілікті радиожүргізушілердің сүйікті репертуарына айналды.
«SOS», «Stranger», «Golden», «Your Love», «Fly Away», «Ikanaide», «The Story of One Sky» сынды танымал туындылар Libertad Digital (99.1 FM, Чако), Radio Vox (120.9 FM, Буэнос-Айрес), Patagonia Andina (93.3 FM, Эль-Больсон), Radio Ibiza (Санта-Фе), Cadena 3 (100.5 FM, Кордова) сияқты белгілі радиостанциялардың күнделікті эфирінен берілуде.
Бұл кең ауқымды ротация - Димаштың тыңдармандары ұйымдастырған «Dimash on the Radio» атты халықаралық фан-акцияның нәтижесі. Олардың бастамасымен әншінің шығармашылығы Аргентина аудиториясына белсенді түрде ұсынылып, оң қабылданды.
Әсіресе, «Smoke», «Be With Me», «Weekend», «Give Me Your Love» және Лара Фабианмен дуэт түрінде орындалған «Adagio» тректері ерекше танымалдылыққа ие болды. «Adagio» композициясынан кейін бір радиожүргізуші былай деп әсерімен бөлісті:
«Лара бізді дауыс пен теңіздің тұтасқан Карузо аңызына жетелесе, Димаш - өзі ғана өмір сүре алатын шексіз кеңістікті салады. Бұл дуэтте тіпті ауырлықтың өзі де мәңгілікке айналғандай».
Димаш Құдайбергеннің осылайша әлемдік музыка аренасындағы беделі артып, қазақ өнерін жаңа кеңістіктерге алып шығуда. Аргентинадағы радио толқындарын баураған бұл жетістік - тыңдарманның талғамымен үндескен нағыз өнердің жеңісі.