Шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегерлері елге оралды

Патриот жаршысы
86

24 қыркүйек күні қазақстандықтар Астана әуежайында Будапештте өткен 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында табысты өнер көрсеткен ерлер жәнеәйелдер құрамаларын салтанатты түрде қарсы алды.

Қазақстанның әйелдер құрамасы Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Амина Қайырбекова және Алуа Нұрманның қатысуымен ел тарихында тұңғыш рет шахмат Олимпиадасында күміс медаль жүлдегері атанды. Ерлер құрамасы турнир барысында жинаған ұпайлары үшін B категориясындағы қола жүлдеге ие болды.

Қарсы алу рәсімі Қазақстан шахмат федерациясы мен Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Кездесуге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Министр шахматшыларды айтулы жеңісімен құттықтап, олардың жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ Министр бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі екенін, Мемлекет басшысы елімізде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

«Шахмат олимпиадасында екінші орын иеленген қыздар құрамасын тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі деп білемін. Бүгінгі таңда елімізде 7 мыңнан астам шахмат секциясы жұмыс істейді, ал бұл спортпен айналысатындардың саны 200 мыңнан асады. Қыздар құрамасы шахмат олимпиадасына басты фавориттердің бірі ретінде қатысты. Соған лайық өнер көрсетті. Олар Қазақстан шахматының деңгейі жоғары, болашағы жарқын екенін бар әлемге паш етті. Осы орайда шахматшыларды дайындаған жаттықтырушыларға, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге, спортшылардың ата-аналарына алғысымды айтамын», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Дариға Нысанқұл