Қазақстандық оқушылар географиядан әлемдік білім сайысында

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан Географиядан халықаралық олимпиадада (International Geography Olympiad - IGeO) қазақстандық оқушылар ел намысын абыроймен қорғауда. Биылғы білім додасына әлемнің 50-ге жуық елінен 200-ден астам жас зияткер қатысып жатыр. Олимпиада 1 тамызға дейін жалғасады.
IGeO олимпиадасы үш негізгі кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және далалық зерттеу туры. Бұл кезеңдер оқушылардың теориялық білімін, логикалық ойлауын және практикалық дағдыларын кешенді түрде бағалауға бағытталған.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында олимпиада резерві мүшелері өнер көрсетуде:
-
Ақжол Болат - Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
-
Андрей Енбахтов - Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы;
-
Алихан Калмагамбетов - Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
-
Талғат Байбусунов - Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы екі білікті маман бастап барды:
-халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Абай Дүйсен;
-Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Рустам Валеев.
Географиядан халықаралық олимпиада (IGeO) 1996 жылдан бастап Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Олимпиаданың мақсаты - жастардың география мен қоршаған ортаға қызығушылығын арттыру және елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан бұл зияткерлік жарысқа 2012 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді. 2024 жылы ұлттық құрама 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған еді.
Жас географтарға сәттілік пен жарқын жеңіс тілейміз!