Абай мерейтойына арналған тазалық акциясы

Астана қаласының әкімдігі
Елордадағы Абай атындағы гүлзарда Байқоңыр ауданы әкімдігі мен «Жасыл ел» жастарының қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық акция өтті. Шара ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын мерекелеу құрметіне ұйымдастырылды.
Алдымен еріктілер гүлзар аумағын ретке келтіріп, жасыл желекке күтім жасады. Кейін жастар филология ғылымдарының докторы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлымен кездесіп, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тағылымды әңгіме тыңдады.
Дихан Қамзабекұлы бұл шараның мәнін ерекше атап өтті:
«Таза Қазақстан» ұғымы тек қоршаған ортаны қорғаумен шектелмейді. Ол жан тазалығы мен адалдықты да қамтиды. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» өсиеті – осы ұғымның айқын көрінісі», – деді ол.
Іс-шара жастардың экологиялық мәдениетін арттырумен қатар, Абайдың рухани мұрасын насихаттауға бағытталды. Жиын соңында еріктілер гүлзар алаңында «ABAI 180» жазуын жасап, ақын рухына құрмет көрсетті.